Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Дін мен дәстүр: қайшы ұғым ба?

Бүгінде әсіре діншілдер көп нәрсені жоққа шығарып, салт-дәстүрімізге қарсы пікір айтып жүргені жасырын емес. Бірақ арнайы білімі бар теолог мамандар қазақтың салт-дәстүрі мен діннің егіз ұғым екенін айтып-ақ келеді. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» теологы Руслан Қайыргелді «Дін мен дәстүр: қайшы ұғым ба?» деген сұраққа жауап берді, – деп хабарлайды Paryz.kz.

Дін мен дәстүр: қайшы ұғым ба?
Фото: ardak.kz

Маманның айтуынша, қазақ халқының дәстүрінің көбісі діннен алынған нәрсе. Бұл сөзі үшін теолог қарапайым мысалдармен түсіндіріп көрді.

«Қарапайым мысал, қазақта келіннің сәлем салуы деген дәстүрі бар. Қазіргі таңда осыған өзге жат ағымдар  тыйым салады. Өйткені, ол жерде әйел адам адамға рукуғ жасайды, ал ол тек Құдайға жасалады дейді. Бірақ осы бір дәстүрге мұсылман ракурстан қарасаңыз, ол жерде ешқандай да бір күнә нәрсе жоқ. Керісінше бұл жерде өте сауапты іс және өнегелі дәстүр бар», – дейді Руслан Қайыргелді.

Қараңызшы, біздің халық дәстүрді жақсы біледі, көп нәрсе шынымен діннен алынған. Обал болады, ұят болады, ысырап болады деген дүниелер де біздің хақ жолдан адаспағанымызды көрсетеді.

«Дәстүрімізде балаға ат қоюдан бастап, қой сою, қалжа, сойылған қойдың таратылуы бәрі орын-орнымен қолданылады. Ежелден қалжа, құрмалдық деген міндетті түрде жасайтын халықпыз. Енді атеистік жетпіс жылдық заманда дінді ұстанып қалу үшін ата-бабаларымыз осындай дәстүрге айналдырған ғой. Сол дәстүр арқылы халық діннен алыстаған жоқ. Егер қарапайым халық сол күйінде дәстүрді жалғастыратын болса, еш уақытта адаспайды. Ал ол үшін діни сауатты арттыру керек. Қазіргі заманда имамдар өте білімді, қатарлары өте білімді имамдармен көбейіп жатыр. Бізде бір университет, тоғыз медресе бар. Енді уақыт өте келе халық діни сауатты болады деп ойлаймын. Бірақ қазіргі уақытта осы дәстүр мен мешіттегі имамдарды тыңдаса, адаса қоймайды», – дейді теолог.

Теолог маманның айтуынша, әрбір өркениеттің, әрбір ұлттың өзіндік дүниетанымы бар. Түрлі халықтардың тарихын зерттеген ғалымдар жер бетінде ешқашан дінсіз, наным-сенімсіз ел болмағанына анық көз жеткізді.

«Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар.

Енді осы мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері бар. Бірақ барлығының діні, танымдық тұғыры бір болғандықтан салт-дәстүрлері, мәдениеті ұқсас болып келеді. Өйткені бәрінің наным-танымы дінге негізделген.

Орналасқан ортасына, табиғатына қарай әрбір мұсылман халқының өзіндік айырма белгілері, мәдениеті, тілі бар. Шариғат бұл айырмашылықтарды теріске шығармайды. Керісінше, заманы мен мекеніне қарай пәтуалардың өзгеруі мүмкіндігін ескертеді», – дейді теолог.

Айта кетейік, дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың.

Тарих беттерін ақтарып отырып басқыншы елдердің бодан жұрттың ұлттық айырым белгілерін, дәстүрлерін ұмыттыруға тырысқандығын көреміз. Сосын оларға өздерінің тілі мен дінін, мәдени құндылықтарын әкеліп тықпалаған. Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Пайғамбар мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар, қағидаларды аяқ асты еткен кезде иман да жоғалады.

Қазақ халқының ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды.