Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

«Адасқанның алды жөн, арты соқпақ»

Теріс пиғылды діни ағымның жетегінде кету ер немесе әйел адам деп таңдамайды. Ер де, әйел де діни сенім ұстанымдарын өзгертіп, тура жолдан адасып жатыр. Алайда «Исламда әйел ер адамға бағынышты болуы керек» дегенді асыра пайдаланып жатқандар да жоқ емес. Біз осы орайда Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» теолог маманы Назерке Жетпісбай осы мәселені кеңінен түсіндіріп берді, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Адасқанның алды жөн, арты соқпақ»
Фото: Pixabay.com

Теолог маманның айтуынша, әйелдің көпшілі эмоцияға өте берілгіш болғандықтан, күйзеліске көп түседі. Осыдан кейін өзін тапқысы келіп, рухани тыныштантыратын нәрсе іздейтін көрінеді.

«Мұны бізге келіп жатқан әйелдер тәжірибесінен алып отырмын. Мысалы, діни білімі мен дінге  жақындығы жоқ бір әйел келді. Айтуынша, отбасында әртүрлі мәселелер туындап, «вконтакте» әлеуметтік желісіне кіріп отырғанда «Әйел адамның исламдағы» орны деген топқа тіркеліп, сол жерден өзін рухани тыныштандыратын ақпараттар алған. Бірақ уақыт өте келе осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарының адамдары келген. Себебін сұраса жаңағы әлеуметтік желідегі топ тыйым салынған екен. Ол кісі бұл туралы білмеген, бірақ сол жерден өзін рухани тыныштандыратын ақпараттарды алған. Яғни, алдамшы жарияланымдар арасында экстремистік сипаттағы материалдарды да дұрыс ақпарат ретінде қабылдап, теріс пиғылды діни идеология құрбаны болуы мүмкін.  Бұл жай ғана біздің орталықтағы бір факт болса, бұған дейін де мұндай факттар өте көп болды», – дейді Назерке Жетпісбай.

Сонымен қатар, әйелдің теріс пиғылды діни ағымдардың ықпалына түсулерінің үшінші себебі себебі, бұл әйел адамның күйеуіне бойұсыну арқылы жүзеге асады. Бұндай ықпал тіпті отбасы болмай тұрған кезде де байқауға болады. Өйткені тағы да әйел адам жылы сөздерге ергіш, біреуден жылулық іздейді, жақсы көріп тұрған адамы оған жаны ашиды деп ойлайды, осылайша содан алған ақпараттардың барлығын қабылдап алатын көрінеді.

«Тұрмыс құрған әйелдердің ішінде басым көпшілігі жолдастарының діни ұстанымын қабылдап отырғандар. Неге? Өйткені ислам дінінде әйел адам күйеуінінң айтқанына бойұсыну керек.  Олардың түсініктерінде сол ұстаным қатып қалған. Біздің түсінігімізде күйеуімізді жібітіп, жылы сөздермен алдап, осындай шығар, мұндай шығар десек, ол кісілерде ондай жоқ, тіке айтты ма, болды соны сен қабылдауың керексің, соны істеуің керексің деген түсінік қалыптасқан. Мен кездескен бірнеше әйел адам болды, мен намаз оқыған жоқпын, бірақ күйеуім намаз оқитын дейді. 2-3 жыл қарсылық таныттым, одан кейін қоймай қойды, балаларыма айта бастады дейді. «Сенің анаң дұрыс емес, ол намаз оқымайды, ол құлшылық етпейді, аналарыңды тыңдамаңдар» деп, балаларымды маған қарсы қоя бастады. Одан кейін менің намаз оқуыма тура келді дейді. Бірде тастап, бірде оқып, бірде оқымай сөйтіп жүрдім дейді. Шынымен, адамның жүрегіне салып бермегеннен кейін, өзі ниеттенбегеннен кейін ол солай болады. Одан кейін бір жылдан кейін орамал тақ дей бергеннен кейін, орамал тағады. Яғни бұл жерде оның қалауынсыз болып жатқан нәрсе. Ниқабта да дәл сондай. Орталыққа ниқаб киген көптеген әйелдер келді. Не үшін тағып жүрсің десек, күйеуім айтқаннан кейін тағып жүрмін, ол талап қояды, мен мүлде қызықпаймын, мен намаз оқуға да қызықпаймын, хиджабқа да қызықпаймын дейді. Бұрын ер кісі, әйел кісі деп бөлмей, бәрімен араласып, ортақ туған күнге, тойға барып жүрген әйел адамдар, қазір өзгеріп шыға келген. Яғни, өзі қаласа да қаламаса да күйеуінің талабын орындап тұр», – дейді теолог.

Маманның айтуынша, ислам дініне қазіргі теріс бағыттағылардың кесірінен  қаншама теріс түсініктер қалыптасып, қаншама кір жағылып жатыр.  Алайда «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» демекші, оңалту жұмыстарынан кейін, бәрін дұрыс қабылдап жатқандар да бар екен. Алайда оңалту үшін де көп жұмыс, ұзақ уақыт керегі рас.