Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Атырау маңындағы бау-бақша қоғамының тұрғындары су мен жарықсыз отыр

«Химик», «Рыбник» б/қ тұрғындарының Атырау қаласы әкімдігінің өкілдерімен, қалалық мәслихат депутаттарымен, сондай-ақ энергия тасымалдаушы ұйым өкілімен кездесуі өз жемісін беріп, қолданыстағы сымды ауыстыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Paryz.kz, Azh.kz-ке сілтеме жасап. 

Атырау маңындағы бау-бақша қоғамының тұрғындары су мен жарықсыз отыр
Фото: azh.kz

20 мыңға жуық адам – Атырау қаласы маңындағы бау-бақша қоғамының тұрғындары шілденің соңына дейін жарықсыз отырады.

Естеріңізге салсақ, бірнеше жылдан бері саяжай тұрғындары үнемі жарық өшіп, зардап шегіп келеді. Оған себеп – жоғары вольтты электр тарату желілерінің тозығы жеткен. Тұрмыстық техника өз функцияларын орындай алмайды: тоңазытқыштар мұздата алмайды, микротолқынды пештер қыздырмайды, шамдар жанбайды, сплит жүйелер салқындатпайды - жалпы алғанда, сапалы өмір сүруге қолайлы емес. Сондықтан да құзырлы органдармен және ведомстволық ұйымдармен кездесу кезінде тұрғындар төбелесуге шақ қалды: тұрғындар дауыс көтере жанайқайларын жеткізіп, ал келген уәкілдердің салғырт жауаптары әрең естілді. Дегенмен, біраз уақыттан кейін бұл кездесудің нәтиже бергені белгілі болды.

«Тұрғындармен кездесу барысында 6 кВ желісінің соңында кернеу өткізгіштігін арттыру және кернеу шығынын азайту үшін №1 тіректен №72 тірекке дейін қолданыстағы 6 кВ ф 196 «Ш» AC-50 мм2 сымын AC-95 мм2 сымға ауыстыру жоспарланғаны айтылды, - деп жауап берді «Атырау Жарық» АҚ баспасөз қызметі. – Сондай-ақ, жұмыстарды қауіпсіз орындау үшін айдың соңына дейін электр жарығы таңертеңнен кешке дейін, соның ішінде сағат 20:00-ге дейін өшіріліп, жұмыс аяқталғаннан кейін қосылады. Жоғарыда аталған б/қ өкілдері энергия таратушы мекеменің ұсынысын бірауыздан қолдады. Осыған байланысты 10 шілдеде тұрғын үй секторларын электрмен қамту үшін 6 кВ әуе желісіндегі сымды ауыстыру жұмыстары басталды». 

Сымды ауыстырғаннан кейін жағдай жақсы жағына қаншалықты өзгеретінін уақыт көрсетеді. Ал әзірше тұрғындар +40-та кондиционерсіз шыдауға мәжбүр.

Айтпақшы, жоғарыда аталған кездесу туралы: осынау эмоцияға толы кездесуде «Химик» бағбандық қоғамының тұрғыны Бауыржан ПАЗЫЛОВ қызықты мәселенің бетін ашты. Ол аптап ыстықтан қажыған ведомство басшыларына ҚР-дағы саяжай және бау-бақша шаруашылығын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы жөнніде айтты. Құжат – ҚР Премьер-Министрінің 2023 жылғы 10 желтоқсандағы облыс әкімдіктеріне тапсырмасы. Жол картасында он тармақ бар екен.

Бірінші тармақта жұмыс топтарын құру қажеттігі, оның құрамына әкімдік, қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен саяжай кооперативтерінің төрағалары кіруі керектігі айтылған. Бұл топ тұрғындардың өзекті мәселелерін анықтап, оларды шешудің жоспарын құруы тиіс. Бұл осы жылдың бірінші тоқсанында жасалуы керек екен.

Екінші тармақта, 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін саяжай және бау-бақша серіктестіктеріне тексеру жүргізіп, қанша жер учаскесі, қанша тұрғын бар екенін санау керек екен. Содан кейін бұл ақпарат «Мекенжай тіркелімі» АЖ деректер базасына жіберілу керек еді.

Үшіншісі – жол, жарық, ауыз су, суарма су бойынша қажеттілікті анықтау.

Төртінші тармақ – инженерлік инфрақұрылымды жүргізу. Бұл үшінші тармақта көрсетілгені.

Тәуелсіздік алғалы бері 30 жылда көп күткен бесінші мәселе – саяжай алқабы мәртебесіне тұрғын үй мәртебесін беру.

Алтыншы – көшелерге бейнекамералар орнату және оларды Жедел басқару орталықтарына тарту. 

Жетінші: саяжай аумақтары үшін электр энергиясының тарифтерін төмендету мақсатында электр желілерін кейіннен энергия таратушы мекемелерге беру арқылы жергілікті атқарушы органдардың балансына беру.

Сегізінші тармақта саяжай аумақтары мен қала арасында тұрақты қоғамдық көлік ұйымдастырылуы керектігі айтылған.

Тоғызыншы және оныншы тармақтар қиял шегінде жазылған: базарлар мен басқа да инфрақұрылымдарды салу.

Бұл жұмыстардың бәрі 2024 жылдың басында басталуы керек еді, бірақ жергілікті әкімдік әлі күнге дейін бірінші тармақта – жұмыс тобын ұйымдастыруды созып келеді. Ол 2026 жылға дейін тапсырманың барлық тармағын орындап үлгерер ме екен?! Бірақ ұзақ ойланып, толғанған соң жұмысты тез атқаратын шығар деп үміттенеміз.