Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

ҰБТ-дан 140 балл алған мектеп түлегіне көлік сыйлады

Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинап, сұрақтарға еш мүдірмей жауап берген түлекке күні кеше су жаңа көліктің кілті табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

ҰБТ-дан 140 балл алған мектеп түлегіне көлік сыйлады
Фото: Almaty.tv

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғыны Жаннұр Еңсебек бұл нәтижеге жету үшін 2 жыл тынбай еңбек еткен. Қайсарлығының нәтижесінде талапкер бүгінде 18 миллиондық көліктің иесі атанып отыр.

Бұл – қуаныштың көз жасы. Еңбек ақталды. Көлік кілті де көп күттірмей иесіне табысталды. 10 сыныптан бастап ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып, мүмкін болған 140 балды жинай алған Жаннұр Еңсебек: «Алған әсерімді, ішімдегіні сөзбен жеткізу мүмкін емес», - дейді.

«Мен өте қуаныштымын. Келесі жылғы түлектерге сәттілік тілеймін. Осындай балл алу барлығының қолынан келеді деп ойлаймын», – деді мектеп түлегі Жаннұр Еңсебек.

Қарабұлақ ауылындағы №22 орта мектептің түлегі қаңтардағы ҰБТ-дан 121 балл алып, наурызда көрсеткішті 137-ге жеткізіпті. Кейін 140 балды қанжығаға байлаған. Ал тарихи сәтке Жаннұрдың жақындарымен қатар, ұстаздары және достары да куә болды. Олар көлікке қажетті заттарды, атап айтсақ 250 литрлік жанар-жағармай қоры мен 25 рет көлік жуу қызметі тегін ұсынылатын сертификатты табыстап, ақжарма тілектерін жеткізді.

«Алдағы жылы бірнеше оқушы 140 балл жинайтындай дайындаймыз. Биыл бір ғана түлек осындай нәтижеге ие болды», – деді оқу орталығының басшысы Жұлдызай Мұсаева.

Сондай-ақ Жаннұр Абзалұлының ата-анасына 1 миллион теңге сыйақы табысталды. Жас түлектің анасы Жанар Әубәкірова барша қазақстандыққа алғысын айтып, мектепте берілетін білімнің маңыздылығына да тоқталды.  

«Білім алатын мектепке бәрі байланысты. Әсіресе мұғалімдеріне. Бала бастауыш сыныптан бастап білім нәрін дұрыс алуы қажет. Міне, сол кезде алған білімі бүгін ақталып жатыр», – деді Ж. Еңсебектің анасы Жанар Әубәкірова.

Жаннұрмен қатар ҰБТ-ға дайындайтын орталықты биыл 42 мыңға жуық оқушы аяқтапты. Көпшілігі жоғары нәтижеге ие болған екен. Еске салайық, Жаннұр Еңсебек тестілеуде математика және информатика пәндерін таңдаған. Енді ол өзі қалаған Ақпараттық технологиялар мамандығына Сүлеймен  Демирел атындағы жоғары оқу орнына түсуге ниеттеніп отыр.