Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Былтыр Нұр-Сұлтанда өрттен 22 адам қаза тапқан

Жарақат алғандар саны - 46 адам. Оның алтауы – балалар.

Былтыр Нұр-Сұлтанда өрттен 22 адам қаза тапқан
фото: ашық дереккөз

Жүргізілген алдын алу жұмыстарының арқасында соңғы 6 жылда өрт және оның зардаптары бойынша көрсеткіштерді ескере отырып, елордада өрт санының 4%-ға, адамдардың қаза табуының 18,5%-ға, жарақаттануының 24%-ға төмендеуіне қол жеткізілді, деп хабарлады paryz.kz, қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өрттерден келтірілген материалдық шығын 35 млн теңгеден асты. Бұл ретте 1 млрд теңгеден астам сомадағы материалдық құндылықтар құтқарылды.

"Жыл сайын өрттердің орташа 50%-ы тұрғын үй секторына тиесілі, оның ішінде 57%-ы – жеке меншік сектор, 26%-ы – көпқабатты тұрғын үйлер, 17%-ы – өзге де тұрғын үйлер және шаруашылық құрылыстар. Барлық тіркелетін өрттердің 60%-ы күзгі-қысқы кезеңде болады. 2020 жылы өрттердің шығу себептерін талдау барысында мынадай негізгі себептері анықталды: электр желілері мен электр қондырғыларын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзу, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, тұрғындардың абайсыз пайдалануы", - деді Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД бастығы Қуанар Базарбаев.

2020 жылдың қорытындысы бойынша өрт салдарынан 22 адам қаза тапты. Олардың арасында балалар жоқ. Ал қаза тапқандардың 16-сы өрт кезінде мас болған. Жарақат алғандар саны - 46 адам. Оның алтауы – балалар.

Төтенше жағдайлар департаменті елорданың жеке секторында жылыту маусымы кезеңінде өрттердің алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралар кешенін жүргізуде. "Өрт қауіпсіздігі айлығы" басталғаннан бері 2020 жылдың 15 тамызынан бастап 42 мыңнан астам ауланы аралап, өрт қауіпсіздігі бойынша жадынамалар таратылды. Олардың барысында 55 мыңнан астам адамға нұсқау берілді.