Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Алматылық ардагер І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды

Шәңгерей Жәнібеков 1924 жылы дүниеге келген, 18 жасында майданға шақырылған. Қазақстандық жауынгер соғысқа бастан-аяқ қатысып, кейін мемлекеттік және қоғамдық қызметте бейбіт өмірді қалпына келтіруге аянбай еңбек етті. Бүгінде қарт майдангер 100 жасқа толып отыр. Қала әкімі Ерболат Досаев ақсақалға арнайы барып, Мемлекет басшысының сәлемі мен құттықтауын, жылы лебізін жеткізді, - деп хабарлайды Paryz.kz.

Алматылық ардагер І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Өзіңізді отандастарымыз көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, майдангер, ұлтжанды азамат ретінде жақсы біледі. Өмірлік ғұмырнамаңызда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, бейбіт жылдарда еңбек жолыңызды  денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы сияқты маңызды салалардан бастап, түрлі саяси-әкімшілік қызметті абыроймен атқардыңыз», - делінген Президенттің құттықтауында. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың ғасыр жасаған ғибратты ғұмыр иесі, өнегелік жан ретінде ерекше қадірлейтіні айтылған.

Қала әкімі Шәңгерей Жәнібековке 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, мемлекеттік және қоғамдық қызметке белсенді араласқаны үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген I дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті.

Премьер-министр Олжас Бектенов ардагерге өзінің құттықтауын жолдады, ол Шәңгерей Жәнібекұлының сіңірген еңбегін, қоғамның дамуына және Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті.

Ерболат Досаев ардагерге соғыста көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін ризашылығын білдіріп, елдің даму жолындағы қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді. Ол майдангердің өмір жолы батылдықтың, ерліктің және борышқа деген адалдықтың үлгісі екенін атап өтті.

«Екі жыл бұрын Жеңіс күнінде мен сіздің 100 жылдық мерейтойыңызға келетінімді айтқан едім. Бүгін сізді осы тамаша мерейтоймен құттықтап, Мемлекет басшысының ақжарма тілектері мен жүрекжарды лебізін жеткізіп, Сізге лайықты марапат тапсыру мен үшін үлкен мәртебе. Аман болыңыз! Жақындарыңызға бақыт пен жақсылық тілеймін», - деді Алматы әкімі.

Өз кезегінде Шәңгерей Жаныбекұлы Мемлекет басшысы мен Премьер-министрге аға ұрпаққа көрсеткен құрмет пен қамқорлығы үшін алғыс білдіріп, барша қазақстандыққа ашық аспан тіледі.

Шәңгерей Жәнібекұлы 1942 жылдың қыркүйегінде Қостанай медициналық училищесін бітіргеннен кейін Кеңес армиясы қатарына шақырылды. II Украин және Брянск майдандарына қатысып, Полтава, Кировоград, Кременчуг, Харьков, Белгород, Украина, Молдова, Австрия, Венгрия, Румыния және Чехословакияны жаулардан азат етуге қатысты. Жеңіс күнін Аустрияда қарсы алды.

Запасқа шыққан соң Қостанай аудандық еңбекшілер депутаттары кеңесінің денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды, онда мәдениет, халыққа білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, баспа қызметі, бұқаралық ақпарат құралдары және спорт қозғалысы, шығармашылық одақтар және басқа да қоғамдық ұйым мәселелерімен айналысты. 1985 жылдан бастап жасына байланысты зейнетке шықты. 1985 жылдың тамызынан 1993 жылдың желтоқсанына дейін «Қазақстан қоғамы» шетелдегі қазақтармен мәдени байланыс жөніндегі республикалық қоғамды басқарды.

1987 жылдың наурызынан 1990 жылдың наурызына дейін Қазақ республикалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, содан кейін 2001 жылдың наурызына дейін осы Кеңестің Төралқа мүшесі болды. 1995 жылдан 1998 жылға дейін Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі болды. Республиканың әртүрлі делегацияларының басында Моңғолия, Алжир, Австрия, Филиппин, Ирак, Ауғанстан, Вьетнам, Иран және делегация мүшесі ретінде Чехословакияда болды.

Ол Қазан төңкерісі, II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Ерлігі  үшін» екі медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен және басқа да еңбек сіңірген наградаларымен марапатталды. 2017 жылы Шәңгерей Жәнібековке Алматы қаласының құрметті азаматы атағы берілді.