Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Алматыда зейнеткерлер жұмыспен қамтылады

Алматыда алғаш рет зейнет жасындағы адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған «Алтын жас» бағдарламасы іске қосылады. Қаланың Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, 2024 жылы кемінде 500 адам, 2025 жылы 1000 адам, 2026 жылы 1500 адам қамтылады, - деп хабарлайды Paryz.kz.

Алматыда зейнеткерлер жұмыспен қамтылады
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бағдарлама кімге арналған?

Бүгінде Алматыда 247 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Зейнет жасына толған 1 076 алматылық қатысқан сауалнама қорытындысы бойынша 80 жасқа дейінгі адамның 48%-ы жұмысты жалғастыруға ниетті.

«Алтын Жас» бағдарламасына Алматы қаласында тұратын және тіркелген жасы бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан Алматы қаласының жұмыс берушілері қатыса алады.

«Алтын жас» бағдарламасын іске асыру 2024-2028 жылдарға жоспарланған, өтінім 2026 жылға дейін қабылданады. Зейнет жастағы адамдардың қатысу мерзімі 36 айдан аспайды. Бағдарламаның ерекшелігі қатысушыларға субсидияланған жалақыны қамтамасыз ету болып табылады. Бағдарлама бойынша зейнет жасындағы адамдардың жалақысын төлеу жұмыс берушінің қаражаты есебінен белгіленген жалақы мөлшерінің кемінде 50% көлемінде жүргізіледі және жергілікті бюджет қаражатынан субсидияланады, бірақ Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес тиісті қаржы жылына белгіленген бір ең төменгі жалақыдан аспауы керек (2024 жылы – 85 мың теңге).

«Алтын жас» бағдарламасының мақсаты – зейнетке шыққаннан кейін адамдардың еңбекке белсенді әрі нәтижелі араласуы, жұмыспен қамтылған халық санын ұлғайту және тәлімгердің рөлін нығайту үшін мүмкіндіктер жасау.

Зейнеткерлер қайда жұмыс істей алады?

Қазір 200-ге жуық жұмыс беруші зейнет жасындағы адамдарды жұмысқа орналастыруға ниет білдірді.

«Мамандыққа келсек, негізгі қажеттілік денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп салалары, дәрігерлер, педагогтар, кіші және орта медициналық қызметкер, сонымен қатар, электрик, монтер, эколог және т.б. мамандықтар», - деді Бауыржан Жаубасов.

Мамандықтардың толық тізімі әлі жасалып жатыр, кейінірек жарияланады.

Бағдарламаға қалай қатысуға болады?

Жұмыс беруші болсаңыз:

- бос жұмыс орнын көрсете отырып, өтінімді [email protected] электрондық пошта арқылы ұсынады және оны Enbek.kz электрондық еңбек биржасының онлайн-сервисіне «зейнеткер үшін» белгісімен орналастырыңыз.

- берілген өтінімдер негізінде Алматы қаласының еңбек мобилділігі орталығы ұйымдардың тізбесін жасайды.

- егер сіздің ұйымыңыз жұмыс берушілер тізбесіне кірсе, сізге зейнеткерді әңгімелесуге жібереді, сәтті өткен жағдайда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шарты жасалады

- бұдан кейін бағдарламаға қатысушыны жұмысқа қабылдау туралы бұйрықты және еңбек шартының көшірмесін Алматы қаласының еңбек мобилділігі орталығына ұсынасыз, сондай-ақ құжаттардың сканерленген көшірмелерін Enbek.kz.электрондық еңбек биржасының онлайн-сервисіне орналастырасыз.

Зейнет жасындағы адам болсаңыз:

- Достық даңғылы, 85, 2 қабат, 201 А каб. мекенжайы бойынша Алматы қаласының мансап орталығына немесе [email protected] электрондық поштасы арқылы жұмысқа орналасу туралы өтінішпен жүгіну қажет.

- Орталық қызметкерлері түйіндеме жасауға және жұмыс берушілер тізбесіне енген ұйымдарда қолайлы жұмыс орнын таңдауға көмек көрсетеді және әңгімелесуге жолдама береді.

- жолдама берілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шарты жасалатын жұмыс берушімен әңгімелесуден өту қажет.

Толық ақпарат алу үшін мына телефонға хабарласуға 8-727-310-47-82 ішкі. 277, сондай-ақ WhatsApp мессенджері арқылы 8 708 961 95 34 жазуға болады.