Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Бастығым жауап берсін": Арын Орсәриевтің көмекшісі Тоқаевтан көмек сұрады

Арыздан түсінгеніміз, әлдебір күш Орсәриевтің орнына Күдеровті құрбан етпек. 

"Бастығым жауап берсін": Арын Орсәриевтің көмекшісі Тоқаевтан көмек сұрады
фото: ашық дереккөз

Білім және ғылым министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Арын Орсәриевтің көмекшісі Нұрлан Күдеровтің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хаты қолымызға түсті, деп хабарлады nege.kz.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен, Күдеров Нұрлан Шаймерденұлы, 2018 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Орсәриев Арын Амангелдіұлының көмекшісі болдым. 2019 жылы мамырда жазғы стартап мектептер өткізу үшін бөлінген қаржыдан 11 млн теңге ұрланғанын Жемқорлыққа қарсы қызмет анықтады. Бұл іс бойынша Арын Орсәриев негізгі күдікті деп танылған", - деді ол.

Алайда бір айдан соң Президент әкімшілігінің жетекшісі болып Арын Орсәриевтің қайынатасы (әлде қайынағасы – ред.) Қырымбек Көшербаев келді де, әлдебір себеппен іс бойынша басты күдікті А.Орсәриев куәгерге айналған.

"Ал мен еш қатысым жоқ болса да, ұйымдастырушы болып шыға келдім. Бәріне мені кінәлі етті. Өздеріңіз білетіндей, көмекші деген лауазымды тұлға емес, қаржылық құжаттарға қол қою былай тұрсын, қандай да бір шешім де қабылдай алмайды", - дейді Н.Күдеров.

Одан әрі автор Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов пен Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке сұрақ қояды.

"Басты сұрақ мынау: егер Орсәриев куәгер болса, Мемлекеттік сатып алулар порталындағы іс-шара өткізілгені туралы оның жеке қолы бар есепті қайда қоямыз? Оның шараға қатысқанын растайтын фотолар ше? Егер іс бойынша куәгер болса, ол 11 млн теңге шығынды неге өтеді? Шығынды өтегенін растайтын видео істе бар. Бұған қатысты не себепті ешқандай құқықтық баға берілмеді?" - деді Нұрлан Күдеров.

Арыздан түсінгеніміз, әлдебір күш Орсәриевтің орнына Күдеровті құрбан етпек. 

"Осылайша, маған қатысты қудалау басталды. 2019 жылдың қарашасынан бастап өзімнің кінәсіз екенімді 4 ай бойы дәлелдедім. Алдымен Есіл аудандық соты істі толықтай зерттеп, ақтау үкімін шығарды. Әділдік үстемдік құрды деп ойладым. Бірақ прокуратура мұнымен келіспей, 2020 жылы наурызда апелляцияға берді. Мен үшін және отбасым үшін тозақ оты тағы басталды. Нұр-Сұлтан қалалық соты істі 3 ай қарап, қосымша тергеу жүргізіп, тағы да ақтау үкімін шығарды. Менің кінәсіз екенімді бекітті.

Алайда 2020 жылы тамызда Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев Жоғарғы сотқа қарсы арыз түсірді. 2020 жылдың қыркүйегінде Жоғарғы сот істі қарап, маған қатысты шығарылған екі ақтау үкімін жарты сағатта еш негізсіз бұзды да, істі қайтадан қарауға  жіберді!

Сот терминологиясынан хабарсыз адамдар үшін түсіндіре кетейін, егер істі қайта қарағанда жаңа куәгерлерді сұраса, әлдебір сараптамалар өткізсе, жаңа дәлелдер мен дәйектерді тексерсе, мұны түсінер едім. Бұл жерде Кененбаев мырза Жоғарғы сотқа тапсырма беріп, қарсылығында "сіздер қате баға бергенсіздер" деп жазады. Ашығын айтқанда, шешімді өзгертіп, мені соттауды тапсырады. Ең болмаса, маған қарсы қандай да бір аргумент табуға талпынбаған", - дейді арыз иесі.

Осылайша, бәрі қайтадан шыр айналады. Бірақ еш шындықсыз, әділетсіз, дәлелсіз... 

"Бас прокуратураның тапсырмасын орындау үшін Есімова деген судья пайда болып, сот емес, сорақы жасады. Кейде куәгерлер үшін жауап беріп, солардың адвокатына айналса, енді бірде менің кінәсіздігімді дәлелдейтін сұрақтарды қоюға тыйым салды. Ақырында 5 жыл шартты жаза арқаладым. 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, жуырда сіз: "Судьялар бірдей жағдайда екі түрлі шешім шығарып жататыны аз кездеспейді. Мұндай күмәнді жағдайлар болмауы керек", - деген едіңіз. Алайда, істен өзіңіз көргендей, бірінші және екінші саты мені ақтады, бірдей жағдай болса да, ешбір жаңа дерексіз сол сот мені кінәлі етіп шығарды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы, осылайша, Бас прокуратура мен Жоғарғы сот сіздің тапсырмаңызды аяқ асты етті", - дейді Орсәриевтің көмекшісі.

Оның айтуынша, міне, 15 ақпанда Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асылов жаңадан тағы қарсылық түсірген. Тәуелсіз Қазақстанның сот тәжірибесінде мұндай болмаған.

"Олар басты айыпталушы Орсәриевті куәгер жасап, негізгі куәгерлердің айтқанын бұрмалап, кінәм дәлелденбесе де мені 6 жылға соттауды сұрап отыр", - дейді арыз иесі.

Күдеров өзіне қатысты қылмыстық іс бойынша сот Бас прокуратура мен Президент әкімшілігінің тапсырмасын орындады деп санайды.

"Істемеген әрекетім үшін түрмеге отырғым келмейді. Ол үшін бұрынғы бастығым Арын Орсәриев жауап берсін. Қашаннан бері басшылар үшін Президент әкімшілігінде "крышасы" жоқ көмекшілер жауап беретін болған?!" - деп аяқтапты арызын Н.Күдеров.