«Не үшін кешірім сұраймын?»: Абзал Құспан қызды зорлаған блогерді неге жақтағанын түсіндірді

Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан сотталған блогер Думан Ерқанатты да, зорланған қызды да танымайтынын, тек сот актісі бойынша пікір білдіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

«Не үшін кешірім сұраймын?»: Абзал Құспан қызды зорлаған блогерді неге жақтағанын түсіндірді
Коллаж: Azattyq Ruhy

Танымал блогердің қызды зорлағаны туралы алғаш рет «Немолчи» қоры жазған болатын. Бірінші сатыдағы сот Думан Ерқанатты кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырады. Ол сотта кінәсін мойындап, өз ісіне өкінетінін де айтқан. Алайда кейін апелляциялық сот айыптау үкімінің күшін жойып, жігітті ақтап шығады.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да күшіне енген осы ақтау үкімінен кейін сұхбат берген.

«Сот актілерінің бірнеше түрі бар. Сот үкімі егер заңды күшіне енбесе, онда мәселе басқа. Ал апелляциялық алқада жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енеді. Яғни ол заңды деп есептеледі. Мен сұхбат берген кезде (бірнеше апта бұрын) қолымда сот актісі болды. Бірінші сатыдағы соттың үкімі, сосын Алматы қаласы апелляциялық сотының ақтау туралы екінші үкімі. Ол кезде үкім күшіне еніп тұрған. Сол себепті мен оны қарадым да, апеллияциялық алқаның шешімі болған соң, сол жерде оқып шығып, мынау дұрыс екен деген пікірімді білдірдім», - деп мән-жайды түсіндірді Абзал Құспан Azattyq Rýhy тілшісіне.

Депутаттың айтуынша, заңсыз есірткі сақтау мен зорлау – проблемалық істер. Себебі «басыңды тауға ұр, тасқа ұр, дәлелдей алмайсың». Зорлау ісінде бәрі тек қана жәбірленушінің жауабына негізделеді.

«Ал Қылмыстық-процестік кодексте 24-бап бар. Объективті тергеу, жан-жақты тергеу. Ол принципті ешкім бұзған жоқ. Сот актісінде тұрған хронология ғой, онда былай жазылған: түнгі 22.40-та әйел жалғыз тұратын еркектің үйіне өзі сұранып келеді. Жазысқан хаттары бар. Фильмді бірге көрейік дейді. Фильм қарап болғаннан кейін, жаңағы жағдай орын алады. Содан кейін жаңағы әйелдің өтінішімен тамаққа тапсырыс береді. Тамақ ішеді. Сол уақытта телефоны үнемі қолында болады. Түнгі бірлерде үйден кетеді, ал таңғы үште арыз жазады. Артынан «мұның бәрін жабуға болады» деп 100 млн теңге сұрайды. Енді білмеймін, осыған қарап, сіз ол жерде сөзсіз зорлау орын алды десеңіз, онда сіздің еркіңіз. Бірақ бұл жерде Жоғарғы сот қандай шешім қабылдап жатыр, оларға белгілі жағдай ғой. Мен сұхбат бергеніме біраз уақыт болды, бірақ бұл мәселе жақындаған кезде өршіп кетті. Мен Жоғарғы соттың қаулысын көрген жоқпын, көре де алмаймын. Сот жабық өтті. Ал бұрын мына Думан Ерқанаттың жағдайын білетін азамат біздің депутаттарға кездесуге келген болатын, осындай жағдай болып жатыр, көмек керек деді. Сол кезде сот актілерін көрген едім. Көрген соң ғана мен өз пікірімді айттым», - деді мәжілісмен.

Абзал Құспан YouTube-арналарының біріне блогерді жақтап, сұхбат бергені үшін жәбірленушіден кешірім сұрамайтынын айтты.

«Мен не үшін кешірім сұрауым керек? Жәбірленушіні танымаймын, сотталушыны танымаймын. Екі тарапты да танымаймын. Бұл пікір ғой. Мен сотқа куә ретінде қатысып жатқан жоқпын. Соттың қатысушысы емеспін, айыптаушысы емеспін. Журналист тікелей сұрақ қойды, мен тікелей сұраққа жауап бердім», - деп мәлімдеді депутат.  

Естеріңізге сала кетейік, кеше, 18 маусымда Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Думан Ерқанатқа қатысты қылмыстық істі қайта қарап, ақтау үкімінің күшін жойды. Осылайша ол бес жылға сотталды.

Сот процесі ҚПК-нің 29-бабына сәйкес жабық өткен. Жоғарғы соттың ақпаратынша, қылмыстық іс материалдарын зерделеген алқа Ерқанаттың кінәсі дәлелденді деп таныған.