Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Бассыздықты тоқтату керек!": Шымкентте белсенділер әкімдікке талап қойды (ВИДЕО)

...Соңғы бірнеше жыл ішінде белсенділер бейбіт митинг өткізу үшін Шымкент әкімдігіне он шақты арыз тастаған. Бірақ әкімдік түрлі сылтаумен митинг өткізуге рұқсат етпеген.

"Бассыздықты тоқтату керек!": Шымкентте белсенділер әкімдікке талап қойды (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

Бүгін Шымкентте оннан астам белсенді қала әкімдігіне жиналып, 28 ақпанда "жерді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге қарсылық білдіретін, саяси тұтқындарды босатуды талап ететін" бейбіт митинг өткізетінін хабарлап, әкімдіктен шараға кедергі келтірмеуді талап етті, деп хабарлады paryz.kz, azattyq.org-ке сілтеме жасап.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің атына жазылған хабарламаны белсенділер "Демократия институттарын дамыту орталығы" қоғамдық бірлестігінің атынан тапсырды. Хабарламаны әкімдік кеңсесі қабылдап алды.

Хабарламаны тапсырып болған соң жиналғандар әкімдіктен Қазақстан демократиялық ел екенін, әр адамның сөз бостандығы, ой еркіндігі мен митинг өткізуге құқығы бар екенін айтып, әкімдіктен бейбіт митинг өткізуге кедергі келтірмеуді сұрады.

"Біріншіден, жер шетелдіктерге сатылмасын, жалға берілмесін деген талап қоямыз. 25 жыл шетелдіктерге жер жалға берілсе, оны алған шетел азаматының 5 жылда азаматтық алу құқығы пайда болады. Бұл экономикалық емес, саяси экспансия болуы мүмкін", - дейді белсенді Данияр Байтілеу.

Белсенді Жарқынбек Сейтімбеттің айтуынша, соңғы бірнеше жыл ішінде белсенділер бейбіт митинг өткізу үшін Шымкент әкімдігіне он шақты арыз тастаған. Бірақ әкімдік түрлі сылтаумен митинг өткізуге рұқсат етпеген. Соңғы рет 17 ақпан күні қала әкімдігіне "Наурыз" алаңында бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұрап, хабарлама тастаған. Әкімдік бұл хабарламаға 19 ақпан күні жауап беріп, "жиналысты өткізу регламентінің болмауына" байланысты рұқсат етілмейтінін айтып, жауап жазған.

Белсенділер ескерту хатты тапсырғаннан кейін үйлеріне тарады.

Қазақстанда белсенділер жергілікті биліктің бейбіт жиын өткізу туралы өтініштерді "түрлі себеппен" қанағаттандырмайтынын айтып, жиі шағымданады. Билік әдетте "рұқсат етілмеген" шараға келгендерге ескерту жасап, оларды полиция ұстайды. Ізінше "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" деп айыппұл салынады немесе қамалады.

16 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр мамыр айында қабылданған бейбіт жиын туралы жаңа заңды "қоғамды демократияландыру жолындағы өте маңызды қадам" деп атаған. Алайда жергілікті және халықаралық сарапшылар жаңа заң қабылданғанымен, елде бейбіт митинг өткізу айтарлықтай жеңілдеген жоқ деп санайды. Олар құжатта жиын туралы билікке ескертіп, оның рұқсатын күту сынды ескі шектеулер сақталып қалғанын алға тартады.