Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қазақ әдебиеті: Алматыда «Qazaq Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкесі өтті

«Qazaq Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы және «Фолиант» баспасы». «Фолиант» – баспа индустриясында 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көпсалалы қазақстандық баспа, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қазақ әдебиеті: Алматыда «Qazaq Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкесі өтті
Фото: aikyn.kz

Баспа жыл сайын жүздеген әлемдік үздік туындыларды қазақ тіліне аударып және басып шығарады. Фолианттың ассортиментінде қазақ әдебиетінің жауһарлары, әлемдік классика, ғылыми-танымдық еңбектердің сан мың түрі бар. 

«Qazaq Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкесіне «Фолиант» баспасы және «Қасым» баспа үйі мен «Книжный клуб» баспасы қатысады. Халық арасында кітап оқуды насихаттау ісінде көрменің маңызы зор. Баспа саласы дамыған, кітапты сүйіп оқитын әр елде кітап көрмесі жиі өткізіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында:  

«Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Мен Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысты қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», - деп атап өткендей, бұл көрменің мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, отбасымен бірге кітап оқуды насихаттау, жастардың оқырмандық талғамын қалыптастыру. 

«Qazaq Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкесі үш күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме аясында  жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, автормен кездесу, автограф-сессиялар өткізіледі. Атап айтар болсақ, «Фолиант» баспасынан жарық көрген Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» атты тарихи романы, Қанағат Әбілқайырдың «Періштелер жоқ жерде» кітабы, Әлішер Рахаттың «Махаббатым - Constant. Параллель» романдарының, «Книжный клуб» баспасынан жарық көрген Юрий Серебрянскийдің «Черная звезда» кітабы, Данияр Қуантқановтың «Марьям» кітабының таныстырылымы жоспарланып отыр. Сондай-ақ жәрмеңкеде Гүзел Яхина, Әлібек Асқаров сияқты жазушылармен кездесуге қатысып, автордың қолтаңбасын алуға,  кез келген кітапты баспа бағасымен сатып алуға болады.