Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қандасымыздың екі баласын білім бөліміндегілер тартып әкеткен (ВИДЕО)

Ал Сарыағаш аудандық білім бөліміндегілердің өз уәжі бар. Олар бұл жағдай балаларды орталыққа өткізгенге дейін әбден зерттелді деп отыр.  

Қандасымыздың екі баласын білім бөліміндегілер тартып әкеткен (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Түркістандық азаматтың өзіне аманатталған қос бауырына қолы жетпей жүр. Қытайда қалған інісінің 8 және 10 жастағы қос перзентін Сарыағаш ауданы білім бөліміндегілер тартып әкеткен. Енді оларды көру үшін 130 шақырым жол жүріп, Шымкентке келеді.  деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Сарыағаш ауданының тұрғыны Құрманғазы Жамалбек әр келгенде кішкентай інілерін алып кетемін деп жұбатады екен. Бірақ бұл жолы да өзімен алып кете алмайды. Ол 19 қарашадан бері үш күн сайын Шымкентке сабылып жүр. Айтуынша, Қытайда тұратын інісі 2019 жылдың желтоқсанында екі перзентін мектепке орналастыру үшін елге әкелген. Ағасына сенім хат рәсімдеп, өзі кері қайтқан.  

"Карантинге байланысты ғана өте алмай тұр. Әйтпесе олар келмей қойып жатқан жоқ бұл жаққа. Ашылатын болса, қазір-ақ келе салғалы тұр ғой олар. Әйтпесе балалардың мына жерде жатқанын олар да қаламайды. Біз Қазақстанға, атажұртқа көшеміз деп отырсақ, балаларымызды қамап қойды деп бауырларым ренжіп отыр", - дейді Сарағаш ауданының тұрғыны Құрманғазы Жамалбек.

Айта кетерлігі, бейімдеу орталығында балалар 90 күндей ғана бола алады. Қазір көрсетілген мерзім аяқталуға таяу. Құжат дер кезінде рәсімделіп бітпесе, балалар Қытайға кері депортациялануы әбден мүмкін.   

"Біздің тарапымыздан көші-қонға хат жолданды. Сарыағаш аудандық білім бөлімінің атынан балалар құқығын қорғау жөніндегі комитетке де, өзіміздің басшылыққа да, басқармаға да хаттар жолданды. Тиісінше шешіп береміз деген жауаптар алынып жатыр", - дейді Шымкент қалалық білім басқармасы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директорының орынбасары Назгүл Құрманалиева. 

Ал Сарыағаш аудандық білім бөліміндегілердің өз уәжі бар. Олар бұл жағдай балаларды орталыққа өткізгенге дейін әбден зерттелді деп отыр.  

"Тұрмыстық жағдайлары тура келмеді. Ол кісінің табыс көзі, тұрақты тұратын жері жоқ еді. Мешіттің ауласы жанындағы үйде тұрғандықтан, біз ол кісіге тұрғын үй тұрмыстық жағдайы сәйкес келмейтінін түсіндірдік. Балалардың жататын орны бөлек болу керек. Бірақ мұндай жағдай жасалмаған", - дейді Сарағаш аудандық білім бөлімінің әдіскері Айбек Құлқараев. 

Білім бөліміндегілердің білуінше, Құрманғазы Жамаловтың өз бауырларын қамқорлығына алатын бір ғана мүмкіндігі бар көрінеді. Ол үшін жасөспірімдер Қытай азаматы болғандықтан, қамқоршылыққа алуға рұқсатты сол жақтан алдырту қажет. Мұнан соң ағалары үш айлық курстан өтіп, балаларға жағдай жасалғаннан кейін ғана қолы жетеді деді.