Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Өткен 3 тоқсанда елімізден 11,4 мың маман шетел асып кеткен

Мамандардың көпшілігі Қарағанды облысынан (1,7 мыңнан астам адам) кеткен.

Өткен 3 тоқсанда елімізден 11,4 мың маман шетел асып кеткен
фото: ашық дереккөз

Өткен үш тоқсанда жасы 15-тен жоғары 11,4 мың маман Қазақстанды тастап кеткен. Пандемияға байланысты шекаралардың жабылуын ескерсек, бұл - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,8%-ға аз көрсеткіш, деп хабарлады paryz.kz, Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Сонымен бірге, Қазақстаннан кеткендердің ішіндегі мамандығы барлардың үлесі 54,3%-ды құрады, ал бір жыл бұрын ол 50,6% еді.

Мамандардың көпшілігі Қарағанды облысынан (1,7 мыңнан астам адам) кеткен. Анти-көшбасындағылар: Шығыс Қазақстан облысы (кеткені - 1,6 мың маман), Қостанай облысы (1,4 мың адам) және Павлодар облысы (1,4 мың адам). Туған жерін тастап кеткендердің ең аз үлесі Қызылорда (23 адам) және Түркістан облыстарына (29 адам) тиесілі.

Сарапшылардың пікірінше, шетелге кеткендердің жартысынан көбі техникалық (3,3 мың адам), экономикалық (1,7 мың адам) немесе педагогикалық (1000 адам) мамандықтардың иесі. Сондай-ақ 561 дәрігер, 387 заңгер, 280 сәулетші мен құрылысшы, ауыл шаруашылығы саласындағы 155 маман елден кетті. Қалған мамандықтар кеткендердің 4 мыңын құрайды.

Сонымен қатар, 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізге 3,5 мыңға жетер-жетпес маман сырттан келген. Яғни, елімізге келуші кәсіп иелері кеткендердің үштен бір бөлігін де жаба алмайды.