Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Ақбастауда "тұғырынан тайған" орақ пен балғаны қазақтар да "жоқтады"

"Ауылдың сәні, бір жағынан ескерткіш қой. Қандай зиян көрдік? Кеңес үкіметінен көрген зиянымыз бар ма?" - дейді Дүйсенбай Қожақай.

Ақбастауда "тұғырынан тайған" орақ пен балғаны қазақтар да "жоқтады"
фото: ratel.kz

Қарағанды облысының Ақбастау ауылы орақ пен балғаның ескерткішінен айырылып, "аңырап" қалды. Кеңес дәуірінің белгісі саналатын мүсінді белгісіз біреулер жұлып алып, орнына еліміздің көк байрағын қадаған болатын, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Тұрғындар толқыған соң, шағын ғана ауылда шұғыл жиналыс өткізуге тура келді. Жиналысқа аудан, тіпті облыс деңгейіндегі шенеуніктер келді. Кеңес кезіндегі жұмысшылар мен шаруалар символы қолды болған ауылға КТК тілшісі де барып қайтқан.

Келмеске кеткен Кеңес заманының есткеркіші саналатын мүсінді алып тастау туралы ұсыныс былтыр түскен. Сол кезде аттандағандардың саны көп болып, бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалыпты. Дегенмен өткен түні ауылдағы орақ пен балға ақыры жоғалып тыныпты. "Орақ қайда?" деп ойбайлағандар Ақбастаудағы Мәдениет үйін басына көтерді. Айтуларынша, ескерткішке тиісуге ешкімнің хақысы жоқ. Оны ұрлағандар молшылық пен тоқшылық жылдарына, қала берді, бала махабатына деген сағынышты қолды қылды дейді.

"Балға мен орақтың түбінде ғашығымызбен кездесетінбіз. Күйеуім тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Мектеп бітіргендер ескерткіштің түбінде таңды қарсы алатын дәстүр қалыптасқан. Бұл жер өзімізге сондай ыстық", - дейді Ақбастау ауылының тұрғыны Виктория Грицишина.

Кеңестер дәуірін басқа ұлт өкілдері ғана сағынып жүрген жоқ. Жалындаған жас шағында шайқап жүрген күндерін осы күні самайы ағарған қариялар да еске алады.

"Малымызды апарып, қыстан аман-есен шықтық деп, жуып отыратынбыз. Бала-шағамызбен баратынбыз. Енді міне, қара, қандай болып қалғанын. Ауылдың сәні, бір жағынан ескерткіш қой. Қандай зиян көрдік? Кеңес үкіметінен көрген зиянымыз бар ма?" - дейді Дүйсенбай Қожақай.

Тағы оқи отырыңыз: Қарағанды облысында тұғырдан Ту жұлынып, орақ пен балға қайта қойылған

Тұрғындардың біразы: "Өз туы мен әнұраны бар тәуелсіз ел болғанда, ауылдың төбесіне орақ пен балғаны төндіріп қойғанымыз - қай сасқанымыз?" - дейді. Осы ойы үшін жоғын даулап жүргендердің жауына айналған. Өйткені ескі ескерткіш осыдан бір апта бұран құлатылған екен. Оны коммунизмді сағынып жүргендер қайта орнатып, әлгілермен әкесінің құны кеткендей қызылкеңірдек болған. Енді қолды болғанын көргенде, тіпті жыларман күйге түсіпті.