Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Соңғы бір жарым айда 200 мыңнан астам елордалық жол ақысын төлемеген

Түйіткілді шешу үшін депутаттар Көлік бақылау департаменті өкілдеріне айыппұл рәсімдеу құқығын беруді ұсынбақ. Жоспар дайын, өзгерістер жуық арада Мәжіліске жолданбақ.

Соңғы бір жарым айда 200 мыңнан астам елордалық жол ақысын төлемеген
фото: azattyq-ruhy.kz

Елордада өткен бір жарым айда 200 мыңнан астам жолаушы жол ақысын төлеуден жалтарған. Олардың тек 3 мыңға жуығына әкімшілік жаза қолданылыпты, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Мұндай ақпаратты Көлік бақылау департаменті келтірді. Айтуларынша, ереже бұзушылардың басым бөлігі СМС төлемақыдағы ақаулықты сылтаурататын көрінеді. Жауаптылар енді тиісті заңнамаға бірқатар өзгертулер енгізуді көздейді. Бұл туралы бүгін қалалық мәслихат депутаттарының жауапты мекемеге жұмыс сапарында белгілі болды.

Қылмыс деңгейін азайту мақсатында қоғамдық көліктер онлайн төлемақыға көшкелі біраз уақыт өтті. Алайда, төлемнен жалтаратын жолаушылар саны азаймай отыр. Бұған қолбайлау тұстар да баршылық. Мәселен бақылаушылар билетсіз азаматтарды ұстағанымен, айыппұл салу үшін полицейлерді күтуге мәжбүр. Иә, заңнамадағы өзгеріс осыдан басталмақ. Себебі, бір қызметті бірнеше органның атқаруы келеңсіздіктерге ұшыратуда. Тіпті, тәртіп бұзушылардың жазадан құтылуына да жол ашып отыр. Түйіткілді шешу үшін депутаттар Көлік бақылау департаменті өкілдеріне айыппұл рәсімдеу құқығын беруді ұсынбақ. Жоспар дайын, өзгерістер жуық арада Мәжіліске жолданбақ.

"Бүгінгі ұсынылған жобалар да, атқарылатын мәселелер де дұрыс деп ойлаймын. Алдағы уақытта құзыретті өкілдермен, органдармен біріге отырып, барлығын шешеміз", - дейді қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Қаналимов.

Аталған өзгерісті бақылаушылар қос қолдап қолдайды. Олар қулығына құрық бойламайтын жолаушыларды анықтағанда, 102 қызметкерлерін кейде сағаттап күтетіндерін айтады. Ал жаңа жоба іске қосылса жұмысымыз жеңілдей түсер еді дейді.

"Қызметкер қоғамдық көлікке келіп тексергенде ғана көп жолаушы төлемақы төлеп жатады. Егер кірмесек, тегін жетіп жатқандар да бар. Жұмысымыз нақыталана түсуі үшін мұндай мүмкіндікті бізге берсе дұрыс болар еді деп ойлаймын", - дейді Көлік бақылау департаментінің бас менеджері Азат Тілеубаев.

Жоғарыда айтылғандардан бөлек, жолдағы заңбұзушылықтарды азайту үшін компания өкілдері пилоттық жоба әзірлеген. Жаңашылдыққа сәйкес, қоғамдық көліктерге арнайы бейнекамералар орнатылмақ. Құрылғылар ереже бұзушыларды дереу анықтап, орталықтандырылған жүйеге жолдайды.

"Біз бірнеше жылдан бері осы пилоттық жобаны әзірледік. Қазіргі кезде қондырғылар 15 автобусқа енгізілген. Егер мемлекеттен қолдау табылса және жауапты органдармен келісім жүргізілсе, жобамыз бірнеше жылда толық іске қосылады деп ойлаймын", - дейді "CTS" ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Егенбердинов.

Жиында қоғамдық көліктердің тарифтік бағасы да сөз болды. Басқарма басшысы Бекмырза Егенбердинов елдегі экономикалық ахуалды ескеріп, алдағы бірнеше жылда жол жүру ақысын көтермейтіндерін атап өтті.