Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Көпбалалы ана өзінің "құрылыс компаниясында істейтініне" аң-таң

"Бәлкім, қателік кеткен шығар. Біз оған білмей зейнетақы жарналарын аударып отырғанбыз. Әйел өтініш жазып, әлгі ақшадан бас тартуы тиіс", - деп нақтылады есепші.

Көпбалалы ана өзінің "құрылыс компаниясында істейтініне" аң-таң
фото: дереккөз

Көп балалы ана Жанар Байтұрғанова Алматы облысының Қаратал ауданына қарасты Бастөбе ауылында тұрады. Күні кеше ол жергілікті ХҚКО-ға барып, мамандардан зейнетақы жинағына қатысты анықтама беруді сұрайды. Құжаттан әйел белгісіз компанияның өзіне зейнетақы жарналарын аударып отырғанын біледі, деп хабарлады paryz.kz, Ratel.kz-ке сілтеме жасап.

"Құжаттардан "Талдықорған Жолдары" ЖШС-ында "жұмыс істейтінім" белгілі болды. Олар зейнетақы жарналарын аударып отырған. Бірақ мен ол жаққа ешқашан барған емеспін, тіпті, қайда орналасқанын да білмеймін", - дейді Жанар Байтұрғанова.

12 ақпан күні әйел Талдықорғанға келіп, әлгі компания өкілдеріне жолығады.

"Такси жүргізушісі екеуіміз әлгі ЖШС-ны бірнәрсе қылып таптық. Бухгалтерия менің оларда жұмыс істейтінімді айтып, тіпті, өтініш жазып жұмыстан шығуымды талап етті. Мен ашуланып кетіп қалдым. Өзім атаулы әлеуметтік көмек алып отырмын. Ертең маған сен жұмыс істеп отырсың, табысыңды жасырасың дейді. Тіпті, әлеуметтік көмексіз қалуым мүмкін, ал менің екі мүгедек балам бар. Мен мұны бей-жай қалдырмаймын", - дейді көпбалалы ана.

Ratel.kz тілшісі "Талдықорған Жолдары" ЖШС-ына барды. Бірақ бас есепшінің орынбасары Ақмарал Нысанбаева мүлдем басқа нұсқаны айтты.

"Бәлкім, қателік кеткен шығар. Біз оған білмей зейнетақы жарналарын аударып отырғанбыз. Әйел өтініш жазып, әлгі ақшадан бас тартуы тиіс", - деп нақтылады ол.

Ал қазір Жанар Байтұрғанова ЖШС-ның өз мәліметтерін қалай алғанына аң-таң болып отыр.