Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Мерейтой: Алматыда Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай эко-шара өтті

Республика көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен бірге қаламыздың «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты науқаны қатар өтуде. Бүгін, 20 сәуір күні Алатау ауданында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрбамғамбетовтің 100 жылдық мерей тойына орай 300 түп алма ағашының көшеті отырғызылды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Мерейтой: Алматыда Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай эко-шара өтті
Фото: Қарат Қоныспаев

Қала іргесіндегі ауқымды эко-акцияға қала басшылығы мен Мәслихат депутаттары, «Генералдар кеңесі» мен «Офицерлер кеңесі» РҚБ өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белсенділері, сондай-ақ, БАҚ өкілдері мен еріктілер қатысты.

Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев қаламызда республикалық және қалалық эко-акцияға аясында көптеген игі бастамалар қолға алынғанын жеткізді.

«Өздеріңіз білесіздер, Президенттің тапсырмасымен су тасқыны болмаған өңірлерде “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы өтіп жатыр. Мына отырғызылып жатқан 300 түп алма ағашы Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов сынды батыр атамыздың 100 жылдың мерейтойына арналып отыр. Батыс және солтүстік өңірлер су тасқынымен күресіп жатыр, осы тұста өзге аймақтарда осындай экологиялық акциялардың өтуі экологияны, қоршаған ортаны қорғау танымын қалыптастыруға оң рөлі болмақ», – Мейіржан Батырбекұлы.

Халқының сүйікті перзенті әрі тәуелсіз елдің тұңғыш Қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетовтің ғасырлық мерейтойына арналған эко-науқанға зейнеттегі генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев та келіп, өз қолымен көшет отырғызды.  

«Сағадат Қожахметұлы сынды аталарыңды білесіңдер, еліміздің әскери-қауіпсіздік саласның аяғынан тік тұруына зор үлес қосты. Міне 100 жылдың мерейтойы қарсаңында сүйікті қаламыз – Алматыда осындай ауқымды іс-шара өтіп жатыр. Бұл негізі Алматы мен ұрпақтың келешегіне жасалып жатқан жұмыс. Ертеңгі ұрпақ бұл жерді қазіргіден де әсем ортаға айналдырады», – деген үмітін жеткізді Сәт Бесімбайұлы. 

«Таза Қазастан» мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» акциялары аясында, әрі қазақ батырының мерейтойына арналған игі шараға бастамашы тараптардың бірі республикалық «Генералдар кеңесі» болды.  Аталған кеңестің төрағасы генерал-майор Махмұт Телегусов кезекті іс-шараның мәні зор екенін жеткізді.

«Қазақстан қарулы күштерінің құрылуында айрықша үлес қосқан Сағадат Қожахметұлының 100 жылдық мерейтойы мұндай нақты іс-шараға бағытталғаны  айрықша маңызды. Көріп отырсыздар, мұнда отставкадағы, зейнеттегі әскерилер, ардагерлер жаңа буынмен бірге қаламызды көркейтуге, еліміздің экологиясын жақсартуға атсалысып жатыр», – дейді генерал-майор Махмұт Өтегенұлы.

Алатау ауданындағы игі істің басына ғылым мен мәдениеттің бірқатар өкілдері де келді. Солардың қатарында Роза Кәріпжанова алматылықтарды осындай игі шараға қатысуға шақырды.

«Алматы – бәріміздің сүйікті қаламыз. Болашақ ұрпаққа оны жанға жайлы, тамаша етіп жеткізу бәріміздің міндетіміз. Ел жастары, барлық азаматы өз еліміздің табиғатын жанымыздай қорғап, қарашығымыздай аялауға тиіспіз. Мен осындай жасыл табиғат үшін жасалып жатқан шараларға барлық алматылықтарды қатысуға шақырамын», – деді Роза Кәріпжановна.

Бастамашы тарап жетекшілерінің бірі ретінде генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков эко-шаралар еліміз бен сүйікті қаламыз Алматыға деген сүйспеншілігіміздің белгісі екенін айтады.

Ол журналистерге: «Сағадат Нұрмағамбетов сынды батыр атамызға арнап өз қолыммен ағаш егейін деп келдім. Шараның ауқымды өтіп жатқанын көріп қабағат қуанып тұрмын. Алматымыз қашанда жасыл әрі таза қала болуы керек. Алматы – менің ең сүйікті қалам. Осында өсіп-ержеттім. Сондықтан бүгінгі шара мен үшін өте маңызды. Ардагерлерден тартып өзге де әскери азаматтар, Шекара академиясының курсанттары, жастар ұйымдары да қатысып жатыр. Бұл азаматтардың сүйікті қаламыз бен елімізге деген сүйспеншілігін білдіреді», –деген пікірімен бөлісті.

Эко-шараға келіп өз қолымен көшет отырғызған отставкадағы полковник Шыңғыс Тоқбораұлы да батырды ұлықтау мен эко-шаралардың ұштасуын құптайды.

Өз өзінің: «Сағадат Қожахметұлы – даңықты адам. Бүгін міне осындай нақты іс-шара арқылы бір жағынан батыр тұлғаны еске алып, енді бір жағынан болашаққа, келер ұрпаққа пайдалы іс атқарып жатырмыз деп ойлаймын. Мұнда қазір зейнеттегі офицерлер мен жаңа курсанттар да келіп отыр. Осының өзінде де үлкен символдық мәні бар. Табиғат, ұрпақ сабақтастығы осындай игі шара аясында тоғысып жатыр», – деген пікірімен бөлісті.

300 түп алма ағашы отырғызылған аумақ Алматыдағы Алматы ЖЭО-2 аумағына жақын орналасқан. Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков осы аумақты жасылдандыруда қаланы көріктендірумен қатар жылу электр орталығынан бөлінен лаз газдардың таралуын азайту мақсаты көзделгенін айтты.

«Ауданымыз қаладағы ең жас әрі қарқынды дамып келе жатқан аудан саналады. Соңғы 4 жылда аудан көлемінде 350 мың түптен аса ағаш егілді. Сонымен бірге, бұл ағаштарды суаруға алғаш рет тамшылатып суар технологиясы енгізілді. Қазір өтіп жатқан республикалық және қалалық эко-акциялар аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады», – дейді аудан әкімі А.Қалдыбеков.

Азамат Қалдыбековтың айтуынша былтыр осы аумаққа Алматы қаласының халықаралық терминал коды саналатын «ALA» әріптері формасында ағаштар отырғызылған. Қазір соның аумағын кеңейтіп, қала маңын жасылдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны 8 сәуір мен 8 мамыр арасында өтеді. Қоршаған ортаны қорағау танымын мен қала мәдениетін жетілдіру мақсатындағы ауқмыды жобаның қазір 15-21 сәуір аралығындағы екінші кезеңі өтіп жатыр. Ал 11 сәуірден тартып Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде. Аталған шаралар барша азаматтарды қоршаған ортаны қорғап, еліміздің табиғатын ортақ аялауға шақырады.