Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Ауыл жері "Қазақмысқа" қажет деген шенеуніктер тұрғындарын күштеп көшірмек пе?..

Ауылда бизнесі барлар тексеріс жиілегеніне шағымданған. Кейінгі уақытта көшуден бас тартқандардың үйлерін түнде біреулер бүлдіріп, өрт қойып кетіп жүр.

Ауыл жері "Қазақмысқа" қажет деген шенеуніктер тұрғындарын күштеп көшірмек пе?..
фото: дереккөз

Қарағанды облысындағы Жезқазған ауылы мен тағы бірнеше кенттің тұрғындары өздері тұрып жатқан елді мекеннің жерін "Қазақмыс" корпорациясының мыс өндіруіне бергісі келмей, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хатына жауап алды. Бірақ хатқа жауапты Ақорда емес, жергілікті әкімдік жіберген, деп хабарлады centralasian.org.

Айта кетсек, Қарағанды облысындағы бірнеше ауылдың жерін "мемлекет қажетіне" алу туралы сот шешімі шыққан. Бұған кейбір тұрғындар келіспей, Тоқаевтан араша сұраған. Бүгінде тұрғындардың жазған шағымдарына келген жауапқа көңілі толмайды. Олар президенттен реакция күткенін, бірақ жергілікті шенеуніктерден әдеттегідей жауап алғанын айтады.

Тұрғындар президентке жазылған хатта "жеке компанияның мүддесі үшін тұрып жатқан жерлерінен көшіріп жатқанын", "мыс өндіру жоспарын құрғанда Жезқазған ауылындағы автожол, коммуникация, молалардың бары екерілмегенін" айтқан. Ал Сәтбаев қаласы әкімдігінің жауабында "Тоқаев пен Қарағанды облысы әкіміне жазылған хатты жергілікті атқарушы органның қарастырғаны" жеткізілген.

"Жезқазған ауылындағы жер телімдерін алу Сәтбаев қаласында жаңа баспаналар салынуына байланысты кезекпен және жер иесімен келісім процедурасынан соң жүреді. Жерді мемлекет қажетіне мәжбүрлі түрде алу Қазақстан Үкіметінің, не жергілікті биліктің қаулысы арқылы жүреді. Жер телімінің иесі Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысынан соң келісім беріп, жерді беру процесін бастай алады. Егер келіспесе, мемлекет қажетіне жер телімін алу сот арқылы жүргізіледі", - деп жазылған жауапта.

Ауыл тұрғындары кейінгі уақытта өздеріне қысым көбейгенін айтады. Олардың сөзінше, он отбасы қалған Крестовский ауылында суды өшіріп тастаған. Ал Жезқазған ауылының тұрғындары белгісіз біреулердің "Теле 2" байланысының тоғын үзіп кеткенін айтады. Ауылда бизнесі барлар тексеріс жиілегеніне шағымданған. Кейінгі уақытта көшуден бас тартқандардың үйлерін түнде біреулер бүлдіріп, өрт қойып кетіп жүр.

Жезқазған, Крестовский, Весовая, Перевалка және Геологоразведочный (ГРП) ауылдарының жерлері "мемлекеттің қажеттілігіне" алынады деген шешім шыққан. Қазір бұл ауылдарда жүздей отбасы қалды. Әкімдіктің есебінше, 3 мыңдай отбасы жерлерін "мемлекет мүддесіне" беруі тиіс. Билікпен келісімге келген отбасылар да бар. Бұған дейін Азаттық тілшісі "Қазақмыс" корпорациясына ресми сауал жолдаған, бірақ әлі жауап келмепті.