Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Қайда?"-"Байға": "кәрі қыздар" таксист жігіттерге сигнал бере бастаған

Бейресми дерекке сүйенсек, елде 700 мың қыз "оң жақта отырып қалған"...

"Қайда?"-"Байға": "кәрі қыздар" таксист жігіттерге сигнал бере бастаған
фото: freepik.com

Елімізде қыздар тездетіп тұрмысқа шығудың жаңа әдісін ойлап тапқан сияқты. Соңғы кезде желіде таксист жігітпен танысуға ниет білдірген қыздардың қарасы күрт артқан. "Ақ боз ат мінген ханзадасын" күте-күте шаршады ма, енді "ақ такси тізгіндеген жүргізушілердің" жүрегін жаулаудан басқа амал қалмағандай, деп жазды paryz.kz, "Еуразия бірінші" телеарнасына сілтеме жасап.

Қазіргі қыздарға сүйем-күйем дегенің де, қалың мал төлегенің де, гүл сыйлағаның да, кездесуге шақырғаның да керек емес. Иә, таңғалмаңыз, "оң жақта отырып қалғандар" үшін такси қызметін ұсынатын танымал қосымшаны танысу сайтына айналдыру - жаңа тренд. Мекен-жайды жайына қалдырып, "Қайда?" деген сұраққа "Байға" деп жауап қататын болған. Бастаманы қазірдің өзінде мыңдаған бұрымды қостап, таксист жігіттерге ұсыныс тастапты. Алайда трендқұмар қыздардың арасында тұрмыс құрғандар бар ма, жоқ па, ол жағы беймәлім. Өкініштісі, кейбірінің үмітін қосымша да ақтамаған.

Дегенмен, одан "жолы болмаған" қыздардың көбі "ішім пысып, қайталап көргім келді" деп ақталып жатыр. Ал білетіндер "әр әзілдің астары бар" деседі.

"Бір шындықпен айта алмаған айқайын әзілмен айтып жатады көбі. Мүмкін сондай да бір отырып қалған қыздардың сигналы ма деп те түсінемін", - дейді психолог Жанар Сейітмағамбет.

Қалжың екенін қайдам, әйтеуір жігіттер арулардың бұл "сигналын" шын деп қабылдай бастапты. Сондықтан әзілді де абайлап жеткізу керек дейді заңгерлер. Телефон нөмірі мен мекен-жайды желіге ашық жариялау түбі жақсылыққа апармасы анық деп ескертіп отыр.

"Әр қолданушы бұл іс-әрекеттері қандай нәтижеге апаратынын түсінуі керек. Онысы алаяқтарға қолайлы болуы мүмкін. Сол себепті, құқық бұзушылықты, зорлық-зомбылық әрекеттерін болдырмау үшін осындай әзіл ретіндегі іс-әрекеттерді ойлап жасауы керек", - дейді заңгер Ботагөз Алпысбаева.

Қызығы, бұған дейін желідегі кез келген жаңашылдықты жастар батысқа еліктеп жасаған болса, бұл жолғысы отандастырымыздың өз ойынан шыққан бастама екен. Бейресми дерекке сүйенсек, елде 700 мың қыз "оң жақта отырып қалған".