Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

СҚО-да Азия чемпионын облыс әкімі берген пәтерден қуып шыққан

Ал сыйға берілген пәтер тиесілі болған құрылыс компаниясының басшысы Александр Авдеев атқамінерлер Айдар Қазовтың пәтері үшін ақшасын төлейміз деп, кейін ол ойларынан айнып қалғанын жасырмады.

СҚО-да Азия чемпионын облыс әкімі берген пәтерден қуып шыққан
фото: ашық дереккөз

Ауыр атлетикадан Азия чемпионы Айдар Қазов 5 жыл бұрын әкім сүйіншілеп сыйлаған пәтерден қуылып, далада қалғанын айтады. Өйткені үйдің қожайыны ол пәтерді сатып жіберсе, жергілікті билік бұған қатысымыз жоқ деп ат-тонын ала қашыпты, деп хабарлады paryz.kz, 31 арнаға сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, ауыр атлетикадан спорт шебері Айдар Қазов Азия ойындарында чемпион болғаннан кейін спортшыны құттықтаған Солтүстік Қазақстан облысының билігі Петропавлдан екі бөлмелі пәтер кілтін сыйлаған. Бірақ екі жылдан кейін оның банкте кепілде тұрғанын айтып, дәл сондай басқа пәтерге көшуін сұраған. Жарты жылдан кейін ол пәтерден де қуылып, далада қалғанын айтады.

"Сұлтанов Авдеев деген құрылыс компаниясының басшысына пәтер бер деп айтқан. Кейін адамдар келіп, қағаз көрсетіп, бұл үй сатылып кетті, он күн береміз, босатыңдар деді", - дейді Айдар Қазов.

Бұл оқиғадан кейін қалалық әкімдік спортшыға ескі үйлердің бірінен коммуналдық қарыздары үшін жарық пен газдан ажыратылған жалдамалы пәтер беріпті. Бірақ оны өз атына ауыстыра алмайтын болған соң бас тартатынын жеткізген. Айдар сол кездегі облыс әкімі Ерік Сұлтановтың баспананы тартып алатын болса не үшін бергенін түсінбейді. Себебі қазір жергілікті билік сыйға берген пәтерге әкімдіктің қатысы жоқ деп ат-тонын ала қашқан.

"Ол пәтерге әкімдіктің ешқандай қатысы жоқ. Ол - Авдеев пен Қазовтың екеуінің келіскені. Авдеевтің өзі сыйлаған. Әкімдіктен ол үйге қаржы бөлінген жоқ", - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Ал сыйға берілген пәтер тиесілі болған құрылыс компаниясының басшысы Александр Авдеев атқамінерлер Айдар Қазовтың пәтері үшін ақшасын төлейміз деп, кейін ол ойларынан айнып қалғанын жасырмады. Сондықтан пәтер компанияның қарыздары болған соң сатылған.

"Мен пәтер сыйлауға қарсы болмадым. Бірақ оның баспанасы о баста банкте кепілде тұрды. Оның орнына әкімдік маған "Жас өркен" шағын ауданындағы ескі үйлерді бұзу, ол жерді абаттандыру бойынша ақшаны төлеу керек еді. Бірақ ақшаны төлей алмады немесе төлегілері келмеді", - деді құрылыс компаниясының басшысы Александр Авдеев.

Экс-әкімнің өзі сыйға тартқан пәтер үшін 2 жыл күресіп жүрмін деген ауыр атлетшінің қазіргі уақытта отбасымен Алматыға көшіп кеткені белгілі болды.