Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Әкімдердің уәдесінен шаршадық": Қостанай облысында тұрғындар ауыз суға жарымай отыр

Көрші ауылда да су мәселесі басты проблема. Тіршілік нәрі тапшы болған соң тұрғындардың дені басқа жаққа көшіп жатқан көрінеді.

"Әкімдердің уәдесінен шаршадық": Қостанай облысында тұрғындар ауыз суға жарымай отыр
фото: видеодан скриншот

Қостанай облысындағы Айсары ауылының тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. Елді мекенге аптасына бір рет аудан орталығынан су жеткізіледі. Алайда бұның ештеңеге жетпейтінін алға тартқан тұрғындар кейде қар ерітіп қамданатынын айтуда. Аудан шенеуніктері болса, ауыз су мәселесінің нақты қашан шешілетінін дөп басып айта алмай отыр, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Осыдан тура 10 жыл бұрын дәл осы ауылдың ауыз су проблемасы көтерілген еді. Ел-жұрттың сол кездегі түйткілі әлі күнге дейін шешілмеген. Тіпті ауылға ауыз су қашан келетіні белгісіз. Ауыл тұрғындары суды сатып ішіп, жетпей қалса, қар ерітіп әбден қажығандарын айтады.

"Кір жууға су жоқ. Қар ерітеміз, қаланың қасында тұрып. Жылда болады деп халықты алдайды. Енді қашанғы алдайтынын білмеймін. Фляг тасумен қажыдық", - дейді Айсары ауылының тұрғыны Қалуәдден Кәкімұлы.

Ауылға аптасына бір рет аудан орталығынан су таситын көлік қатынайды. Қырық литр судың құны - 125 теңге. Тұрғындар бұл судың өзі сап-сары, сапасыз екенін айтып, мұңын шақты.

"Бір-екі фляг су аламыз. Су алсақ, түбінде тіпті сап-сары болып шығады. Ішуге жарамайды. Амал жоқ, ішіп жатырмыз", - дейді ауыл тұрғыны Әмір Қайыров.

Көрші ауылда да су мәселесі - басты проблема. Тіршілік нәрі тапшы болған соң тұрғындардың дені басқа жаққа көшіп жатқан көрінеді.

"Тым құрығанда шаштараздың өзі жұмыс істей алмай отыр ғой. Өйткені шашыңды шаятын су жоқ. Су болмаған соң ісің бітпейді. Қашанғы күтеміз енді? Әкімдердің құр уәдесінен әбден шаршадық", - дейді Половников ауылының тұрғыны Елена Малыхина.

Аудан мен ауыл шенеуніктерінің айтуынша, жобалық-сметалық құжат 2019 жылы әзірленген. Айсары мен Половников ауылына ауыз су тарту үшін 1 миллиард теңге қажет болып отыр. Былтыр қомақты қаражатты бөлуге өтінім жіберілгенімен, республикалық бюджеттен қолдау таппаған екен.

"Қаладан 30 шақырым жерде ауыз су болғаны жақсы ғой. Өзіміз де 6 жыл болды, су болса екен деп аңсаймыз. Енді республикадан ақша сұрап отырмыз. Қалай шешіледі, солай істеледі ғой. Бірақ жоба бойынша негізі 2022 жылға қаралып отыр", - дейді Айсары ауылдық округінің әкімі Бауыржан Нұрғазин.

Қостанай ауданындағы 52 ауылдың небәрі 8-і ғана орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл 9 елді мекенге су өткізу үшін 3 миллиард теңге бөлінген көрінеді. Тағы 17-сіне уақытша су тарату бекеті салыну жоспарланып отыр.

Алайда Айсары мен Половников ауылдарына нақты қашан ауыз су жететінін аудан басшылығы дөп басып айта алмады.