Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Депутат ІІІ топтағы мүгедектерге де баспана берілуін талап етті

"Олар ұзақ жылдар бойы тұрғын үй кезегі арқылы баспананы кезекпен алуға болатынынан күдер үзіп, күмәнмен қарайтын жағдайға жетті..." - дейді ол.

Депутат ІІІ топтағы мүгедектерге де баспана берілуін талап етті
фото: ашық дереккөз

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Нариман Төреғалиев премьер-министрге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады paryz.kz.

"Біздің депутаттық сауалымызға мүмкіндігі шектеулі адамдарға берілетін баспана мәселесі себеп болып отыр. Мүгедек адамдарымыз ұзақ жылдар бойы тұрғын үй кезегі арқылы баспананы кезекпен алуға болатынынан  күдер үзіп, күмәнмен қарайтын жағдайға жетті. Оған себеп жоқ емес. Қазіргі таңда, 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жанның 10%-ы баспанаға мұқтаж", - дейді депутат.

Баяндалғанды ескере отырып, төмендегі бірқатар шараны жүзеге асыру қажеттілігі туындауда.

  • Бірінші. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп жатқан "Әлеуметтік кодекс" шеңберінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді орта туралы заң нормаларын әзірлеп, осы кодекске арнайы бөліммен енгізуді;
  • Екінші. "Мүгедек балаларды тәрбиелеуші отбасылар" мен "1-ші 2-ші топтағы мүгедектер" санаттары бойынша тұрғын үй кезегін жылдамдату мақсатында "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға халықаралық заңнамалар тәжірибесін зерделей отырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
  • Үшінші. "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар қатарына 3-ші топтағы мүгедектерді қосу;
  • Төртінші. Жергілікті атқарушы органдарға жаңадан салынатын тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу кезінде мүгедектерге берілетін тұрғын үйлерді, пәтерлерді әр елді мекендегі тұрғын үй кезегінде тұрған мүмкіндігі шектеулі адамдардың санын, санатын, диагнозы мен отбасы құрамын ескере отырып, 2014 жылғы бұйрықпен бекітілген ережелер жинағының талаптарына сәйкес жоспарлау.

"Көтеріліп отырған мәселелердің өзектілігін ескере отырып, аталған ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында құзырлы уәкілетті органдарға тиісті тапсырмалар беруді және олардың орындалуын бақылауды сұраймыз", - делінген депутат сауалында.