Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Жемқорлық кінәлі!": үйін рәсімдей алмаған әйел шатырдан секірмек болды

2020 жылдың 6 тамызында Исаковамен Қазақстан бас прокурорының көмекшісі Жаңалық Еламанов кездесіп, арыздарына 15 күн ішінде жауап беретінін айтқан...

"Жемқорлық кінәлі!": үйін рәсімдей алмаған әйел шатырдан секірмек болды
фото: дереккөз

11 ақпанда көкшетаулық Нұрила Исакова Нұр-Сұлтан қаласындағы ескі теміржол вокзалы маңындағы жатақханалардың бірінен секірмекші болды. 44 жастағы жалғызбасты әйел бірнеше жылдан бері шеше алмай жүрген баспана дауына осылайша нүкте қойғысы келген, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап. 

Бұл туралы Нұрила Исакова Азаттыққа өзі мәлімдеп, "үйімді заңдастырудың басқа жолы жоқ, күресімнің немен аяқталғанын бәрі білсін" деген.

Таңертең жатақхана шатырына шығып тұрған әйелді көрген тұрғындар полиция мен жедел жәрдем шақырған. Тәртіп сақшылары оны түсіріп алып, полиция бөліміне апарған.

"Мені Сарыарқа аудандық полиция бөліміне әкелді. Қолымдағы президент Тоқаевқа жасаған үндеуім бар плакатты алып қалды. Сол жерде полицияға арыз жаздыртты. Менің талабым дұрыс екенін айтып, "үш күннен соң шақырамыз, айыппұл салмаймыз" деді", - дейді ол.

Нұрила Исакова полицияның сөзіне сеніп, Көкшетауға кеткенін айтты. Ал Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті таңертең 5 қабатты ғимараттың шатырында тұрған әйелді жерге түсіргендерін айтты.

"Шатырға шыққан адамның Көкшетау қаласының 1977 жылы туған тұрғыны екені анықталды. Ол жер учаскесіне қатысты Көкшетау қалалық сотының шешіміне наразылық білдіру мақсатында астанаға келген", - деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Екі баласы бар Нұрила Исакова Көкшетаудағы базар маңына орналасқан жер үйді 1992 жылы сатып алған. Содан бері тұрып жатқан үйін ол 2013 жылдан бері рәсімдей алмай келеді. Жер үй ескі болғанымен, тұрған жерінің құны жоғары деген ол, "үйіме Көкшетаудың құзырлы орындарындағы лауазымды тұлғалар мен шенеуніктер көз салып жүр" деп санайды.

"Тұрғын үйді рәсімдей алмай жүргеніме Көкшетаудағы құқық қорғау саласындағы жемқорлық кінәлі", - дейді Нұрила Исакова.

Ол былтыр тамыз, қазан айларында Нұр-Сұлтандағы президент әкімшілігі, Бас прокуратура мен Жоғарғы сот ғимараттарына бірнеше мәрте барып, бір адамдық пикет өткізген. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін арызданып, көп шағым жазған. 

2020 жылдың 6 тамызында Исаковамен Бас прокурордың көмекшісі Жаңалық Еламанов кездесіп, арыздарына 15 күн ішінде жауап беретінін айтқан. Алайда Нұрила Исакова осы күнге дейін өз арызына қатысты еш нәтиже болмағанын айтады.