Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Тек сүйегі қалған": Таразда қапқа салып көмілген мәйіт табылды

Соған қарағанда, марқұм бірнеше жыл бұрын өлтірілген болуы мүмкін деген болжам жасалуда.

"Тек сүйегі қалған": Таразда қапқа салып көмілген мәйіт табылды
фото: видеодан скриншот

Таразда канал жиегін тазалау кезінде қапқа салынған адамның сүйегі табылды, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Табылған мәйіт ер адам ба, әйел адам ба, ол жағы белгісіз. Адамның қаңқасын "Жасыл ел-Тараз" мекемесінің қызметкерлері жұмыс жүргізу кезінде тапқан. Олар екі шағын ауданды бөліп тұратын су каналының жағасындағы қамысты орып, қоқыстан тазартып жүрген кезде жерге көмілген қапты байқап қалады.

Күдікті болып көрінген қапты алып шыққан қызметкерлер онда қаңқа жатқанын ұға салысымен, бірден тәртіп сақшыларын шақыртыпты. Қаңқаны тауып алғандардың сөзіне сенсек, мәйіттің тек сүйегі ғана қалған. Соған қарағанда, марқұм бірнеше жыл бұрын өлтірілген болуы мүмкін деген болжам жасалуда.

"Бұл дерекке қатысты Тараз қаласының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндірісін бастап, табылған мәйіт сүйектерінің қалдықтарына сот медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта оның жеке басын анықтау мақсатында жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде", - деді Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.