Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

Депутат Н.Байтілесов лудоманияға заң жүзінде шектеу қоюды ұсынды

Лудомания мен синтетикалық наркотикке қатысты депутат Н.Байтілесов тек жаза емес, профилактилық шараларды қолдануды ұсынды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Депутат Н.Байтілесов лудоманияға заң жүзінде шектеу қоюды ұсынды
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі

Президент Атыраудағы Ұлттық Құрылтайда ұлтымызға қауіп төндіретін, жастарымызды құрдымға апаратын бірнеше қоғамдық кеселге тоқталды. Оның ішінде өзекті мәселелерінің бірі – лудомания мен синтетикалық наркотик. Мемлекет басшысы бұл жайында: «Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет», – деп нақты тапсырма берді.

Былтыр Президент Қауіпсіздік кеңесінің жиынында да лудоманияны ауыздықтауды тапсырған еді.

Шынында бұл қоғамдық дерт қаншама жанды қиын жағдайға душар етіп, шаңырағын шайқалтты. Құмар ойынға шырмалған талай азамат қарызға батты, заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Тығырыққа тіреліп, өзіне өзі қол жұмсағандар саны да, өкінішке қарай, өршіп барады.

Заң жобасында құмар ойын ойнайтындарды 25 жасқа дейін шектеуді, шетелдік ұйымдастырушылардың заңсыз қызметінде қаржы операцияларына тыйым салуды, бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына тыйым салуды және тағы басқа түзетулер енгізу жоспарланған.

Қазір Лотоматик және басқа лотерея терминалдары OLX және басқа маркетплейстерде еркін сатылып жатыр. Осы аппараттарды сатып алып, тұрғын үйлердің астындағы дүкендерде заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырып, сотталып жатқан азаматтар да баршылық.

Яғни біз бюрократиямен айналысып, жоспар құрып, оны орындауға кіріскенше, бұл қоғамдық дерт өршіп жатыр. Бұған қоғам болып тосқауыл қоятын уақыт келді. Бұл дертпен барлық қоғамдық, саяси, креативті индустрия, басқа да күштерімізді жұмылдыра отырып, салауатты өмір салтын жастардың сөзімен айтқанда «мейнстримге» айналдыруымыз қажет, - деп есептейді депутат.

Ел азаматтарының зиянды әдетке бой алдыруының алдын алып, қоғамды қатерлі дерттен айықтыру үшін жан-жақты шаралар тез арада қабылдануы қажет.

Бұнымен қоса тағы бір алаңдатарлық мәселе – өршіп кеткен есірткі өндірісі мен саудасы.

Елімізде тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынған. Бұл – дабыл қағарлық жағдай!

Сондықтан да Президент: «есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын», – деді.

Депутаттар: "Бұл індет бізге сырттан келгені анық. Халықаралық тәжірибені пысықтап, ең үздігін қолдануымыз қажет. Ішкі істер министрлігі бұл үрдісті қатаң бақылап, тек жаза қолданып қана емес, профилактилық шараларды көптеп енгізуі қажет", -  деп санайды.

Қазіргі уақытта есірткі бизнесінің жаңа көріністеріне қарсы күресті күшейту үшін Мәжіліс прекурсорлардың (олардың контрабандасы ғана қылмыстық жазаланады), есірткі жасау үшін пайдаланылатын өзге де заттар мен жабдықтардың (мұнда міндетті белгі оларды өткізу болып табылады) елдегі заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін заң жобасын қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Депутат Президентіміздің аталған қоғамды улайтын кеселдер бойынша бастамасын барлық әріптестерімді қолдауға шақырды

Бірінші кезекте жас отбасылардың ажырасуына, кішкентай сәбилердің тірі жетім болып қалуының, жас лудамандардың ата-аналарын белшеден қарызға батыруының, осындай ауруға душар болған нашақорлардың суицидке баруының негізгі себебі  – осы проблемалар.

Сондықтан Үкіметке аталған мәселелер бойынша Президенттің бір емес, бірнеше рет Ұлттық Құрылтайда, Қауіпсіздік кеңесте, ресми жиындарда берген тапсырмаларын бірігіп шұғыл іске асыруымыз қажет, деп тұжырымдады депутат Н.Байтілесов.