Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Полицейлерді "зар жылатқан" блогерді неге бостандыққа шығармады?

Белсенді бостандыққа шыққан соң полиция қызметкерлерін видеоға түсірмеуге уәде берген еді...

Полицейлерді "зар жылатқан" блогерді неге бостандыққа шығармады?
фото: ашық дереккөз

Блогер Руслан Жанпейісов Қызылордадағы колониядан шығарылмайды. Өйткені сот оның жазасын бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы шешімнің күшін жойды, деп хабарлады paryz.kz, zakon.kz-ке сілтеме жасап.

3 ақпанда Руслан Жанпейісовтің (шын аты-жөні Бейбарыс Райымбеков) анасы желіде оған  желтоқсан айында бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалғанына қарамастан, ұлының колониядан шығарылмай жатқанына шағымданды. 

"Бір айдан астам уақыт бұрын сот шешімімен Бейбарыс Райымбеков босатылып, отбасына оралуы керек еді. Бірақ прокуратура оны негізсіз колонияда ұстап отыр. Ол Бас прокурорға үндеу жазды, бірақ хаттың түпнұсқасын Қызылорда облыстық прокуратурасы ұстап қалды", - деді әйел.

Бас прокуратурада Қызылорда соты блогерге 7 ай және 21 күн мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алмастырғанын растады. Бұл 2020 жылдың 7 желтоқсанында болған.

Сот Жанпейісовті сипаттайтын деректер (еңбекке, жазаны өтеудің белгіленген тәртібіне, тәрбие іс-шараларына және т.б. қатысы) осындай шешім қабылдау үшін жеткілікті деп есептеген. Бірақ биылғы 28 қаңтарда Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы прокурордың жеке өтінішін қарап, шешімнің күшін жойды.

Сотта сотталушының мінез-құлқын бағалау кезінде оның түзелгенін (тәрбие іс-шараларына, мекеменің қоғамдық өміріне қатысуы және т.б.) куәландыратын барлық мән-жайларды ескеруі тиіс. Бірақ сотта Жанпейісовті түзелді деп есептеуге негіз болған жоқ.

"ЗК-169/4 мекемесіне Б.К. Райымбеков 06.10.2020 жылы келді және материалды қарау кезінде көтермелеулер болған жоқ. Оның мінез-құлық дәрежесі анықталған жоқ. Осыған байланысты сот сотталушы түзелу жолына түсті деп санауға жеткілікті негіз жоқ деген қорытындыға келді", - деді Бас прокуратурада.

Руслан Жанпейісов 2021 жылғы 29 шілдеде бостандыққа шығады. Былтыр 30 шілдеде Шымкент қалалық соты Жанпейісовті ең төменгі қауіпсіздігі бар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бір жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Блогер жәбірленушіге қасақана орташа ауырлықтағы дене жарақатын салғаны, сондай-ақ билік өкіліне тіл тигізгені үшін кінәлі деп танылды.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың сәуір айында Руслан Жанпейісов әкімшілік құқық бұзушылық үшін 25 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Кейін қамауға алу мерзімі 40 күнге дейін ұзартылғаны белгілі болды.

Белсенді бостандыққа шыққан соң полиция қызметкерлерін видеоға түсірмеуге уәде берген еді.