Прямая трансляция

Астана

Астана

0°C

"Еще хуже қыламыз!": Шымкент түрмесінде сотталғандар азапталуда (ВИДЕО)

Түрме әкімшілігі болса, жабық мекемеде ондай заңсыз әрекеттер жоқ деп шаң жуытпады. Құзырлы органдардан келген өкілдер "кемшіліктерді таба алмай" кетіпті.

фото: Шымкент қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі

"Түрмедегі балаларымыз бен жақындарымыз азапталып жатыр". Шымкентте бір топ жазасын өтеушілердің туыстары осылай деп шағымданды, деп хабарлады paryz.kz, "Еуразия бірінші" телеарнасына сілтеме жасап.

Олар Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 167/3 түзеу мекемесінің қызметкерлері сондағы жазасын өтеушілерді ұрып-соғып, сан түрлі әдістермен қинап жатқанын айтады. Ішкі тәртіпке мойынсұнбадың деген желеумен тәулік бойы суық бөлмеге заңсыз қамап, тіпті, жарығы жоқ казармада ұстаған көрінеді. Қала берді, тағамның да мәнісі кеткен дейді сотталушылардың ет-жақындары. Бұл жайында Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне, Бас прокуратураға бірнеше мәрте шағым жазыпты. Бірақ оңды жауап жоқ дейді. Есесіне, шындықты айтып, шырылдағандарды азаптап жатқан көрінеді.

Бауыр еті баласының түрмеде азап шегіп жатқанын естіген Зулқия Қалменова жанына келінін ертіп, жаны жай таппастан 167/3 түзеу мекемесінің алдына келді. Үлкен қақпаның арғы жағында экономикалық қылмыс жасады деген айыппен баласы жазасын өтеп жатыр екен. Оралдан осында ауыстырылғанына бір жыл болған. Содан бері азаптан көз ашпай келеді дейді ол.

"Целый отрядқа воды нет деді. Света нет. Вот щас данный момент тоже их днем закрывает клубқа дейді. Темный клубқа. Там ни отопления, ни воды. На целый день закроет. А утром им дают манную кашу без молока, яйцо ничего такого не дают", - дейді жазасын өтеушінің анасы Зулқия Қалменова.

Азаптауды тоқтатсын деген жазуды қолдарына ұстаған ата-аналар түрменің алдын торуылдап жүрді. Бәрінің айтары бір, талаптары ортақ. Заңға сәйкес, темір торға қамалды, ендеше, жазасын өтесін, тек оларды қинамасын дейді. Айтуларынша, түрме әкімшілігі сан түрлі азаптау әдістерін меңгеріп алған.

"Балам айтты, біреуі камераға түсіріп тұрыпты. Біреуі сыртқы күртесін шешіп алып, мына жерінде жазуы болады ғой, аты-жөні, сол курткасын шешіп алып, екіншісі соның астына лезвия тығып жатыр дейді. Табанынан, құйрығынан ұрады екен. Дубинкамен ұрады екен, шешіндіріп тастап", - дейді жазасын өтеушінің әкесі Қалмұрат Ишанқұлов.
"Жуырда ғана жолдасым хабарласты. Айтуынша, 2020 жылдың 29 желтоқсанында заңсыз жалғыз өзін қамап қойған. Түрменің жылуы жоқ, суық бөлмесінде үш тәулік аш-жалаңаш ұстаған. Үстіне жамылғы бермеген. Тек бесінші тәулік дегенде ғана, оның өзінде де түзеу мекемесі басшылығына талап-арызы жоқ екенін жазбаша түрде тапсырған соң, жамылғы берген. Міне, содан кейін жолдасым ауруханаға түсті", - дейді жазасын өтеушінің әйелі Лунара Жақсылыққызы.

Сотталғандар түрмедегі былықтан әбден шаршағандықтан, туыстарына аудиохабарлама жіберген. Онда әрбір жазасын өтеушінің аты-жөнін және кімнен қалай таяқ жегенін ашық мәлімдеген.

"Мекемеде ұрып-соғу мәселесі болғаннан кейін мекеме әкімшілігіне, прокуратураға арыз жазған едім. Сол себепті, мен "безопаскада" болдым. "Безопаскадан" бүгін шықтым. Қазір енді мен жазғаннан кейін бұл мекемеде сондай бір қысым болып жатыр", - дейді жазасын өтеуші.

Осы сынды жазбаларды естіп-білген сотталушылардың туыстары енді бауырларын басқа өңірге ауыстыруын талап етіп отыр. Бірнеше рет Бас прокуратураға жазғандарын айтады. Бірақ оңды шешімге қол жеткізе алмаған. Есесіне, тексеру қорытындысынан кейін түрме әкімшілігінен оңбай таяқ жейміз депті жазасын өтеушінің бірі. Осыған алаңдаған ата-ана ұлымды әкетпей кетпеймін деп отыр.

"Енді қазір не дейді?.. "Сендер қазір жалоба жазсаңдар, мамаңа үйге звондағанда жалоба айтсаң, еще хуже қыламыз. Сен ДИЗО-дан шығасың, еще жылыңа жыл қосып береміз, екі жыл" депті. Енді менің балам осы жерде, не істеймін мен? Оралда 2 жыл СИЗО-да отырғанда мұндай жағдай болмаған еді", - дейді жазасын өтеушінің анасы.

Түрме әкімшілігі болса, жабық мекемеде ондай заңсыз әрекеттер жоқ деп өздеріне шаң жуытпады. Құзырлы органдардан келген өкілдер "кемшіліктерді таба алмай" кетіпті.

"Сіздің өткендегі арыздарыңыз қазір құзырлы органдарда, прокуратурада қаралып жатыр. Сотталғандарды азаптау және басқа да заңсыз іс-әрекеттер болып жатқан жоқ", - дейді ИЧ 167/3 түзеу мекемесі басшысының орынбасары Нұрлыбек Сандыбаев.

Дегенмен, сотталушылардың туыстары қарап қалмақ емес. Енді олар Президент әкімшілігінен көмек сұрап отыр. Бұл жолы хатқа аудиожазбаны тіркеп, шағымдарды дәлелімен жолдауды жөн көрді. Бірақ, сонда да осы жариялылық үшін жазасын өтеушілер заңсыз жауапқа тартылмас па екен деген күдігі де жоқ емес.