14.03.2024, 16:56

Банкроттыққа ең көп бергендер - зейнеткерлер

Фото: azattyq-ruhy.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы саласына тән емес қызықты құжатын жариялады, деп хабарлайды Paryz.kz.

Ведомство борышкерлерді жас шамасына қарай да бөлді.

Агенттіктің хабарлауынша, Қазақстанда жеке қарыз алушылардың көпшілігін "Миллениалдар" деп аталатын 1982-2000 жылдар аралығында туылған адамдар құрады. Яғни, банктердің негізгі заемшылары да миллениалдар. Бір жақсысы, ғасырлар тоғысында туыс-өскен бұл ұрпақ өзін жауапты тұлға ретінде көрсете алды. Соның арқасында миллениалдардың жалпы кредиттік тарихы, несиелерінің сапасы басқа ұрпақтарға қарағанда жақсы.

Кепілдігі бар қарыздар бойынша дефолттар мен банкроттыққа көбінесе, 1963-1981 жылдар аралығында дүниеге келген Х (икс) ұрпағының қарыз алушылары жол береді. Кредит кешірудің қызығын да солар көбірек көрген екен.

Ал кепілсіз қарыздар бойынша дефолттар статистикасында керісінше, миллениалдар, әсіресе ер адамдар қарасы қалың болып шықты.

1943-1962 жылдар аралығында, соғыстан кейінгі кезеңде өмір есігін ашқан аға ұрпақ, яғни бэби-бумерлер арасында көбіне-көп әйелдер кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша дефолттарға тап болды.

Айтпақшы, жаңа ғасыр басында, 2001-2005 жылдары жарық дүниеге келген Z ұрпақта, ерлері арасында кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша дефолтқа душар болудың алғашқы деректері тіркеліп жатыр. Қарыз алушылар арасында әзірге бұл ұрпақтың қатары шағын.