Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Карантинде елордалықтарды у-шу қылған дүкен иелері кешірім сұрады

Есіл аудандық әкімдігі мен полиция мамандары "тойдың" үстінен түсіп, су жаңа дүкеннің есігіне құлып салды.

Карантинде елордалықтарды у-шу қылған дүкен иелері кешірім сұрады
Фото: ашық дереккөз

Елордада 2 мың адамның қатысуымен ұтыс ойынын өткізген кәсіпкерлер қала тұрғындарынан кешірім сұрады, деп хабарлады paryz.kz.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің хабарлауынша, 7 ақпанда қалада 2 мың адамның қатысуымен жаппай іс-шара өткен. Жаңа филиалдың ашылуына орай "Romantic" гүлдер орталығы лотерея ұтыс ойынын өткізген болатын. Соның салдарынан, адам көп жиналған маңда кептеліс пайда болды. Ал қатысушылар маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтамай, вирустың таралу қаупін арттырды. Бұқаралық іс-шараны өткізген ұйымдастырушылар келтірілген залал үшін қала тұрғындарынан бейнеөтініш түрінде кешірім сұрады.

Дүкен иелері ҚР ӘҚБтК 425-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 230 АЕК немесе 670 910 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Кәсіпкерлер кінәсін мойындап, айыппұлды 7 күн ішінде өтеуге келіскендіктен, төлем мөлшері 115 АЕК немесе 335 455 теңге болды.

Айта кетсек, бұл бұқаралық ойын-сауық мақсатында ұйымдастырылған шарада ұтыс ойынынан бастап, келушілердің көңілін көтеру үшін концерттік бағдарлама да болыпты. Ұтысқа қымбат ұялы телефон, құлаққап, сағат пен көлік те қойылғаны хабарланған. Бірақ, келушілер мен ұйымдастырушылардың қуанышы ұзаққа созылмады. Есіл аудандық әкімдігі мен полиция мамандары "тойдың" үстінен түсіп, су жаңа дүкеннің есігіне құлып салды.