Наурызда мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті Рамазан айы басталады. Осыған орай қасиетті айға қатысты сұрақтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл жауап берді, деп хабарлайды Paryz.kz egemen сайтына сілтеме жасап.
- Биыл Рамазан айы наурыздың қай күні басталады?
- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дайындаған 2024 жылғы діни күндер кестесіне сәйкес, биыл Рамазан айы 11 наурыз, дүйсенбі күні басталады деп көрсетілген. Алайда діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты болғандықтан, Рамазан айының басталуы жайында Діни басқарма алдын ала тағы хабарлайды. Сонымен қатар бірнеше жылдан бері Рамазан айын көрші елдердің діни басқармаларымен бірге келісе отырып, бір күнде бастау ұйғарылған.
- Ауыз бекітуге ниет еткен жан қандай амалдар жасауы тиіс?
- Әрине, Рамазан айына үлкен дайындықпен қадам басқан жөн. Ең алдымен, осы айдағы оразаны кемшіліксіз өткізуді ниет ету. Сонымен қатар Рамазан айы ішінде бес уақыт намазды үзбей оқу, тарауық намаздарына қатысу, барлық адаммен тек жақсы мәміледе болу, жаман әдеттерден арылу, өзін жақсы жаққа өзгерту және т.б.
- Рамазан айын физикалық, рухани тұрғыда пайдалы өткізудің тәсілдерімен бөлісіңізші?
- Оразаның адамға физикалық және рухани пайдалы болуы үшін төмендегі амалдарды орындау маңызды: Біріншісі, күнде сәресіне тұрып дәм ауыз тию, сосын таң намазын оқу. Ауызашарда тоймай тамақ ішу. Уақтылы жатып ұйықтау. Екіншісі, Рамазан айын бос өткізбес үшін адам өзінің уақытын жүйелеп, реттеп, жоспарлап қою. Үшіншісі, уақытының бір-екі сағатын Құран оқуға, кітап оқуға арнау. Төртіншісі, бес уақыт намазды үзбей оқу, мүмкіндік болса, мешітке барып жамағатпен тарауық намазын өтеу. Бесіншісі, уақытын бос өткізуден сақтану, бос сөзден тілді тию, ашуланбау, т.б.
- Құранда Рамазан айы туғанда ауыз бекітпеу рұқсат етілген адамдар тобы айтылған. Олар кімдер?
- Алла Тағала Құранда: «Науқастанып қалғандар және сапарда жүргендер басқа күндері ораза ұстап орнын толтырсын» деген («Бақара» сүресі, 185-аят). Сондықтан белгілі бір ағзаның зақымдануы, жаңа аурудың пайда болуы және аурудың асқыну қаупі күшейгенде, сондай-ақ білікті әрі әділетті мұсылман дәрігердің кеңесімен ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар жүкті және емізулі баласы бар әйелдер өзі немесе жатырдағы баласы үшін қауіп сезінсе, оразасын тоқтата алады. Етеккірі келген және босанғаннан кейінгі қаны келген әйелдер ораза ұстамайды, бірақ кейін қазасын өтейді. Ислам діні ораза ұстауға шамасы келмейтін кісілерге жеңілдік береді. Яғни кейбіреулері оразаны Рамазан айынан басқа бір уақытта ұстаса, басқалары оның орнына підия беріп, оразаның ауыртпалығынан босатылады. Құран Кәрімде: «Алла сендерге (әр нәрсенің) жеңілдігін қалайды, қиындықпен қинамайды», делінген («Бақара» сүресі, 185-аят).
- Ауыз бекіткен көпшілік кей әрекеттерінен секемденіп, бұл қылығым оразамды бұзбай ма екен деп күмәнға бой алдырып жататыны бар. Осы тұста Оразаны бұзатын іс-әрекеттерді атап өтіңізші?
- Әдейі немесе қателікпен бір нәрсені жеп-ішу, темекі шегу, жыныстық қатынасқа түсу оразаны бұзады.
- Ауызашар беру кімдерге міндеттелген? Ауызашар дастарханын жаюдың әдебі қандай?
- Ауызашар беру – сауабы мол амал. Хадисте: «Ораза ұстаушыны тамақтандырған адам (ауызашар берген) оның сауабын алады. Әрі ораза ұстаушының сауабы еш кемітілмей беріледі», делінген (Тирмизи). Алайда ауызашар беретін адам ысырапқа жол бермей, мақтан үшін дастархан жаймау керек.