Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Оразаға екі апта қалды. Жиі қойылатын сауалдарға жауап

Алла қаласа сағындырған Рамазан айының келуіне екі апта ғана уақыт қалды. Құлшылық қабыл болуы үшін оның дұрыс орындалуы да өте маңызды. 

Оразаға екі апта қалды. Жиі қойылатын сауалдарға жауап
фото: Ғазиз Шакиров

«Амалдар ниетке байланысты» деген. Ниетті тілмен айту шарт емес. Сәресіне тұру немесе тұрамын деп ниеттеніп жатудың өзі ниет еткен болып саналады.

Рамазан оразасына күн батқаннан бастап, таң атқанға дейінгі уақыттарда ниет ету абзал. Егер бір жағдаймен таң атқанға дейін ниет ете алмай қалса, яки ұйықтап қалса, онда сәске уақытқа дейін, яғни бесін намазына бір сағат уақыт қалғанға шейін ниет етуіне болады. Одан кейін ниет етсе, сол күннің оразасы дұрыс болмай қалады .

Оразаға ниет еткенде диета ұстау, арықтау мақсатында емес, оразаның сауабын үміт етіп, бір ғана Алланың разылығы үшін ұстау керек.

Рамазан айының әр күні өз алдына жеке құлшылық болғандықтан әр күнге жеке-жеке ниет ету қажет [1]. Рамазан айының басында бір рет ниет ету жеткіліксіз болады. Егер рамазанның барлық күндері оразаға да, ауыз ашуға да ешқандай ниет етпесе, оразаның қазасын өтейді.

Сұрақ: Күн батпай жатып ертеңгі оразаға ниет етсе, дұрыс бола ма?

Жауап: Күн батпай жатып келесі күні ораза ұстауға ниет етсе, оразасы дұрыс болмайды. Тіпті күн батпай жатып есінен талып қалып, келесі күні бесіннің уақытына дейін жалғасса немесе осы аралықта ұйықтап қалса, ол күні ораза ұстаған болып саналмайды. Ал күн батқаннан кейін ниет етсе, оразасы дұрыс болады.

Сұрақ: Сапарда ораза ұстаған дұрыс па, әлде ауыз бекітпеген дұрыс па?

Жауап: Ораза ұстау жолаушыға қиындық тудырмаса, ораза тұтқаны абзал. Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында былай дейді: «Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың абзал».

Сапарда рұқсатты пайдаланып аузын ашқаны үшін сауапқа ие болады. Ал оразаны ұстаса, одан көбірек сауапқа кенеледі. Егер ораза ұстауы өзіне немесе жолсерігіне қиындық тудырса (яғни жолсеріктерінің ауыздары ашық болып, бірге ішіп-жесе) аузын ашуы абзал.

Сұрақ: Ауыр жұмыс істейтін адамның ораза ұстамауына бола ма?

Жауап: Аузы берік адам(ауыр жұмыс істеу арқылы) қатты шөл мен аштыққа шалдығып, сол үшін өмірінен не есінен айырылатындай жағдайға душар болса, онда оған оразасын бұзуға рұқсат етіледі. Кейін бұл күннің қазасын ғана өтейді. Тек өзін әлсіретуге өзі себепші болып, тіпті ауыз ашуға дейін алып барса, әрі бұған ешқандай зәрулік жағдай түрткі болмаса ғана кәффаратын өтейді. Сондықтан наубайшы, егінші секілді ауыр жұмыс істейтіндер оразасын аяғына дейін ұстауға кедергі келтіретіндей тым көп жұмыс істемеу керек. Рамазан күндерінде күздізгі жұмысын қысқартуы немесе түнгі уақытқа ауыстыруы қажет.

Дегенмен рамазан айында ауыр жұмыс істеуге мәжбүр болған адамдар таң атқаннан аузын аша бермейді. Сәресін ішіп, аузын бекітеді. Мүмкін Алла оған оразасын соңына дейін тұтуға көмек берер.

«әл-Фәтәуә әл-Һиндия» атты кітапта: «Өзінің жұмысын істеу арқылы ауыз ашуға рұқсат ететін зиянның жетуін біліп, алайда ауырмай, не қиналмай жатып оразасын бұзуы – харам» делінген.

Сондықтан ауыр жұмыс істейтін адам себепсіз ораза ұстамай қалуына болмайды. Ондай адам Рамазан айының мол сауабынан құр қалып қоймауы үшін еңбек демалысын осы айға сәйкестендіріп, мүмкіндігінше жұмыс уақытын қысқартып немесе одан жеңілдеу жұмысқа ауысқаны абзал.

Сұрақ: Жолаушы сапардан оралған күні не істеуге міндетті?

Жауап: Жолаушы өзінің тұрғылықты тұратын жеріне оралғанда немесе бір қалада 15 күн тұрақтануды ниет етсе, ораза ұстауға міндетті. Егер жолаушы сапардан үйіне күннің жартысынан бұрын (яғни бесіннен шамамен бір немесе бір жарым сағат аралықта) қайтып, оразаға (еш нәрсе жемеген болса) ниет етсе, оразасы дұрыс болады. Ал бесіннен кейінгі уақыт аралығында келсе, онда адамдардың айыптауынан аулақ болу үшін күн батқанша еш нәрсе жемейді. Себебі айып тағылатын нәрседен аулақ болу, сақтану – уәжіп. Рамазан айынан кейін сол күннің қазасын өтейді. «Әл-Ихтияр».

Сұрақ: Рамазан айында жолаушыға ораза тұтпауына бола ма?

Жауап: Алыс жолға шыққан (шамамен 90 шақырым) жолаушыға рамазан айында ораза тұтпауға рұқсат етіледі.

Алла Тағала Құранда былай дейді: «Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін».

Егер жолаушы сәресін ішіп, таң атқаннан кейін жолға шықса, онда сол күннің оразасын бұзуға болмайды. Өйткені ол оразасын тұрғылықты кезінде бастап қойған. Оны өз еркімен бұза алмайды. Егер жолға шықпай жатып аузын ашса, оразаның қазасымен қоса кәффаратын өтейді. Ал сапарда аузын ашып қойған жағдайда тек оразаның қазасын өтейді. Сол үшін ораза ұстауға әрекетін жасамай таң атпай жатып жолға шығу керек.

Балиғат жасына жетпеген жас бала мен ақыл-есінен ауысқан адамға ораза тұту парыз емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Үш адамнан (амал дәптерін жазатын) қалам көтерілді: айыққанға дейін жынданған адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан». Алайда балаларды құлшылыққа баулу мақсатында ораза ұстатқызу – мұстахап.

Хадисте: «Біз балаларымызға ораза ұстатқызып, оларға жүннен ойыншық жасап қоятынбыз. Егер біреуі тамақ сұрап жыласа, ауызашар уақыты келгенше (ермек қылып отырсын деп) сол ойыншықты беретінбіз» делінеді.

Сұрақ: Ауырған адамның ораза ұстауына бола ма?

Жауап: Оразаның себебінен ауру асқынып кететін болса немесе баяу жазылатын болса, ораза тұтпауға болады. Тіпті аузын ашпаған жағдайда көзі қатты ауырса немесе ыстығы көтерілсе, оразаны бұзуға рұқсат етіледі. Науқас төсек тартып жатып қалса, тұрып намаз оқуға шамасы келмей қалса да аузын ашуға болады.Әрине бұл жерде тәжірибеге немесе білікті дәрігердің нұсқаулығына жүгінеді. Емделіп болғаннан кейін ұстай алмаған оразасының қазасын өтейді. Алла Тағала Құранда былай дейді:

«Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін».

Алайда рамазан айында аурудың барлық түріне ауыз ашуға рұқсат етіле бермейді. Кейде ораза ұстау науқастың дертіне шипа болуы мүмкін. Өйткені ораза ұстаудың көптеген ауруларға ем болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген.

Сұрақ: Егде жастағы адамға және созылмалы дерті бар кісіге ораза ұстамауға бола ма?

Жауап: Жылдың басқа мезгілінде ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және созылмалы дерті бар кісіге (өмір бойы ауыратын) ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Оларға қазасын өтеу де шарт емес. Оларға күніне бір міскінді ораза кәффаратындағыдай тамақтандыру (таңғы және кешкі ас) уәжіп болады. Бұл жөнінде Алла Тағала былай деген:

«Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек».

Ибн Аббас бұны ораза ұстауға шамасы келмейтін үлкен жастағы қария кісі мен қартайған әйел деп түсіндірген.

Підия – (орта есеппен) бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Підияны пітір садақа мөлшерімен есептеуге де болады. Підияны рамазан айының басында немесе соңында беруге болады.

Бірнеше күннің підиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп бере алады. Бұл садақа халықтың кедей топтарына, тұрмыстық жағдайы төмен көп балалы отбасыға, халі нашар мүгедек жандарға үлестіріледі. Підия беруге жағдайы болмаса, одан да босатылады. Алла Тағаладан кешірім тілейді.

Науқас адам алдағы уақытта созылмалы ауруынан айығып кетсе, әлсіреген адам күш жинаса, үзірі кеткен болып саналады да, берген підиясы жойылады. Яғни бұрынғы оразалардың қазасын өтейді. Өйткені підия беру үшін науқастың әлсіздік, сырқатты жағдайы өліміне шейін жалғасуы шарт.

Сұрақ: Адам қант ауруына шалдығып, ораза ұстай алмаса не істеу керек?

Жауап: Ауру – ораза ұстамауға рұқсат ететін үзірлердің бірі. Имам Нәсәфи «Кәнзу әд-Дақайқ» кітабында: «Аурудың асқынуынан қорықса, аузын ашуға рұсат», – деген.

Бірақ бұл ауруларды екіге бөліп қараймыз:

Біріншісі: Жазылатын ауру. Мұндай жағдайда ауызды ашуға болады. Кейін ауруынан айыққан соң қазасын өтейді. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «Ал кім науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын», – деген.

Екіншісі: Оразаға шамасы жетпейтін, созылмалы (хроникалық) ауру. Бұл жағдайда ораза ұстамай әр күніне підия береді. Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында: «Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар мен созылмалы дертке шалдыққандар) підия ретінде бір жарлының тамағын беруі керек», – деген.

Ауру – ораза ұстамауға рұқсат ететін үзірлердің бірі. Имам Нәсәфи «Кәнзу әд-Дақайқ» кітабында: «Аурудың асқынуынан қорықса, аузын ашуға рұсат» , – деген. Бірақ бұл ауруларды екіге бөліп қараймыз:

Жазылатын ауру. Мұндай жағдайда ауызды ашуға болады. Кейін ауруынан айыққан соң қазасын өтейді. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «Ал кім науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын», – деген. Оразаға шамасы жетпейтін, созылмалы (хроникалық) ауру. Бұл жағдайда ораза ұстамай әр күніне підия береді. Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында: «Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар мен созылмалы дертке шалдыққандар) підия ретінде бір жарлының тамағын беруі керек», – деген

Жалпы аллерголог мамандар аллергияның көптеген түрлері барын айтады. Емделу тәсілдерінің кейбірі оразаны бұзатын табиғи саналатын ауыз, мұрын, тік ішек сынды жолдар. Бұл жолдар арқылы ішке жеткен нәрселер оразаны бұзады. Сондықтан аллергиясы бар адамдар ескеруі тиіс жайттар бар:

Ораза ұстайтын уақыттан бұрын, алдын ала оразаға дайындалып, ем шараларын жасап, аллергиясының әсіресе Рамазан айында болдырмау жолдарын қарастырғаны абзал. Аллерголог мамандар кісі аллергиядан толық жазылып кете алмаса да, ем алу арқылы кей түрлерін уақытша тоқтатуға болатынын айтады.

Рамазан айы келгенде аллергиясы себепті ораза ұстауына қиындық туса, аузын ашпай, ораза бұзылмайтын тәсілдермен емделуді амалдап көргені абзал. Аллергиясына алатын емдерін барынша ауыз бекіткенге дейінгі және ауыз ашқаннан кейінгі уақытқа қалдыру. Мүмкін болмаған жағдайда дәрілердің тамаққа кетіп қалмайтын жолдарын қарастыру. Егер укол сынды екпелермен емделер болса, адамға күш-қуат, нәр бермейтіндігіне дәрігерлердің нұсқауымен көз жеткізу.

Оразаны бұзбайтын емдік амал табылмаған жағдайда, аллергиясы қозбайтын уақытта қазасын өтеп беру ниетімен ораза ұстамауына болады. Жазылғаннан кейін қазасын өтейді.

Аллергияның оразаға тән тұстарының бірі – тыныс алу жолдары бітелгенде мұрын мен тамақ арқылы демікпесіне тамызғы немесе спрей шашу арқылы емделу. Ханафи фиқһында: «Тамызылған дәрі ішке кетпей, мұрында тұрақтап қалатын болса, оразаны бұзбайды» делінген. Сондықтан барынша сақтық жасап өте аз мөлшерде тамызған жөн. Байқаусызда тамаққа кетіп қалатын болса, рамазаннан кейін бір күн қазасын өтейді.

Тамаққа не мұрынға тамызғы кетіп қалу қаупі болғандықтан мұрынға иіскейтін немесе мұрын мен тамаққа спрей сынды шашатын түрін аздап қолдануға болады.

Ақпарат ҚМДБ сайтынан алынды.