Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Шалдары шегінбейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз" - Қасым Аманжол

"Жақында екі ірі универдің, екі ірі газеттің басшысы тағайындалды. Бәрі алпысты алқымдағандар..." - дейді ол.

"Шалдары шегінбейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз" - Қасым Аманжол
фото: ашық дереккөз

Журналист Қасым Аманжол Facebook-тегі парақшасына "Шалдары шегінбейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз..." деген тақырыппен бір жазба қалдырды. Бұл ретте ол екі университет пен екі газет редакциясына алпысты алқымдаған адамдардың басшы болып жатқанына наразы, деп жазды paryz.kz.

"Жақында екі ірі универдің, екі ірі газеттің басшысы тағайындалды. Бәрі алпысты алқымдағандар. Қарияға қастығым жоқ, бірақ, 62 жастағы Түймебаев, 64-тегі Сыдықов өз потенциалдарын көрсетіп болды емес пе? КазГУ-ды КазГУ қылған Өмірбек Жолдасбеков 39 жасында ректор болған екен (!). Сол Жолдасбековтердің жолын жалғасын деп қанша жасты мемлекет "Болашақпен" оқытпады ма? Қырықтың ар жақ, бер жағындағы, білімі мен білігі толысқан, бабында жүрген қаншама азамат бар. Олардың обалы, олар беруі тиіс нәтиженің обалы кімге? (Тіпті, жақында басы дауға қалса да Саясат Нұрбек сияқты білімді мамандар көп жұмыс атқара алар еді деп ойлаймын)", - дейді әріптесіміз.

Сондай-ақ ол Қали Сәрсенбайдың "Ана тілі" газетіне Жанарбек Әшімжанның орнына келгені мен Данияр Төреханның "Алматы ақшамы" газетіне редактор болғанын да онша жақтыра қоймаған.

"Ана тіліне" Жанарбектің орнына келген, 62-дегі Қали Сәрсенбай ағамыз не істей алады? Рас, жақсы адам, еңбекторы журналист, кісілігі зор. Алайда көрсетерін көрсетті, берерін берді ғой. Қалекеңнің орнына "Алматы ақшамына" Данияр Төрехан деген алпысты алқымдаған ағамыз келіпті. Не істейді, нені өзгертеді, түсіне алмайм... Журналистикада жиырмасы мен отызында өздерін дәлелдеп тастаған Сәкен Сыбанбай, Жұлдыз Әбділда, Кәмшат Тасболат, Есей Жеңісұлы, Руслан Ерботалар ше? Мүмкіндік берілместен, бауырын жазып шаппастан қартаятын болды ма... Аты аталған-аталмаған қанша мықты профилер бар", - деді Қасым Аманжол.

Оның айтуынша, БАҚ саласына жауапты Дәурен Абаев, Аида Балаева, Берік Уәлилердің қазақ журналистикасын не үшін "қартайтып" жібергені түсініксіз болып тұр.

"Бір кезде Алтынбек министр болғанда отызға енді ілінген курстастары мен достары - Нұртөре, Шәмшиддин, Серғазы, Жүсіпбек, т.б. қаншама азаматты редактор, замредактор етті. Олар шынымен мықты жұмыс атқарды. Өз кезеңінде. Енді сәл шегінуге, жол беруге мәрттігі жетпейтініне таң қаламын. Медиа саласының кураторы боп отырған Абаев, Балаева, Уәлилердің қазақ журналистикасы, өз замандастары жайлы түсініктеріне қайранмын..." - дейді Қасым Аманжол.