Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Баянауылда 240 млн теңгеге салынған әуежайды сауда үйіне айналдырмақ

Аудандағы шағын әуежай Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасымен салынған.

Баянауылда 240 млн теңгеге салынған әуежайды сауда үйіне айналдырмақ
фото: ашық дереккөз

Баянауылда 240 млн теңгеге салынған су жаңа әуежай кәдеге жарамай, қаңырап тұр. Өйткені таулы аймақтағы ұшақтарды ұшырып-қондыратын жолағы халықаралық стандарттарға сәйкес салынбаған, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Аудан әкімінің есеп беру жиынында тұрғындар қазынаның қыруар қаржысына салынған нысанның келешегі қалай болатынын сұрады. Әкім оны инвестор есебінен іске асыруды жоспарлап отырғанын айтты.

"Біз ол ғимаратты кәдеге жаратуды ойластырып отырмыз. Мұнда ипподром, шаңғы базасы не болмаса, сауда орталығын ашу жоспары бар. Ғимарат республикалық жолдың бойында орналасқан. Сауда-саттыққа өте ыңғайлы. Нысан аумағында үлкен алаң бар. Сондықтан біз бұны туристтерге қызмет көрсететін қажетті орынға айналдырғымыз келеді. Осы мақсатта инвестор іздестіріп жатырмыз", - деді Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов.

Аудандағы шағын әуежай Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасымен салынған. Құрылысы 2016 жылы басталып, 2018 жылы аяқталды. Сол кезде ауданды басқарған Оразгелді Қайыргелдинов биыл қаңтарда қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін 3 жарым жылға жаза арқалаған еді.