Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"70 мың теңге кімге жетеді?": Шымкентте автопарк жұмысшылары бас көтерді

Таңертеңгі сағат 8-дер шамасында ереуілшілерге қала әкімі Мұрат Әйтенов келіп, оларды жұмысқа шығуға үгіттеген.

"70 мың теңге кімге жетеді?": Шымкентте автопарк жұмысшылары бас көтерді
фото: holanews.kz

Бүгін Symkent bus автопаркінің жүзден астам жүргізушісі мен кондукторы жұмысқа шығудан бас тартып, жалақыларын көбейтуді талап етті, деп хабарлады paryz.kz.

Олар жұмыс берушінің төлем картасы енгізілсе де, қолма-қол ақша төлейтін жолаушылардан түсетін ақшаға қатысты жоспар жүктеп қойғанына шағымданып отыр.

"Өз басым айына 150 мың теңге аламын. Қолға таза 120 мың түседі. Кондукторлардікі мүлде төмен. Жалақылары 70 мың болғанмен, оның өзін де дұрыс бермейді. Біз төлем картасына қарсы емеспіз. Тек жүргізушілерге нақты жалақы белгілеп, көбейтсін. Жоспарды алып тастасын. Жағдайды жақсартсын", - деді жүргізушілердің бірі.

Сондай-ақ, кондукторлар да өздерінің жұмыс пен еңбекақыларының сай келмейтінін жеткізді. Бұнымен қоса, жұмыс берушілер автобусты жуу, түскі тамақпен қамтамасыз етуі тиіс сияқты міндеттерді дұрыс орындамайтын көрінеді.

"Кешке келесің, жоспарды көтеріп тастайды. 2 мың, 5 мың теңге қоса салады. Не кондукторға айлық жоқ, не жүргізушіні жарытпайды. Кондуктор болмаса, халық төлем картасын валидаторға ұрмайды. Біздің жанайқайымызды кім естіп жатыр? 70 мың теңгелік айлық кімге жетеді? Біреудің несиесі, біреудің пәтерақысы бар. Директор «осы жерге қоныңдар» дейді. Сонда бала-шағамызды кім бағады?" - деп ашынды кондукторлардың бірі.

Таңертеңгі сағат 8-дер шамасында ереуілшілерге Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов келіп, оларды жұмысқа шығуға үгіттеген. Кешке дейін мәселелерін шешіп беруге уәде берген.

Айта кетсек, автопарк жолаушыларға 18 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Сол себепті, кейбір жолаушылар жұмыстарына уақытында жете алмай қиналған. Алайда, қазір жұмысшылардың біраз бөлігі ереуілін тоқтатып, жұмысқа шықты. Оншақты жүргізуші ғана наразылықты жалғастырған.

Осы орайда, әкімдік қызметкері Бибі Айша Facebook-тегі парақшасына автопарк жұмысшыларының өздерін кінәлаған жазба қалдырды.

"Жүргізушілер наразылығына келсек, 150 мың теңге айлықты 300 мыңға көтеруін талап етіп, "Шымкент Бус" автопаркінің автобустары жұмысқа шықпады. Негізі бұрыннан құжат бойынша солай боп келген. Ал төлем жүйесіне өзгеріс енгізіліп, электронды карталар қолданыла бастағаннан кейін көлік қызметкерлері өз наразылықтарын валидаторлардың жиі істен шығуы арқылы "ымдап" келді. Өзім де "апай, картамен емес, тиын бере салыңызшы" деген кондукторларды күнде көріп келдім. Адамның бәрі мен секілді жуас дейсіз бе, бұл туралы әкімдікке шағымдана бастады. 1 ақпаннан бастап қала әкімінің тапсырмасы бойынша жол ақысын төлеуге жаңа тәртіп енгізілді. Егер қоғамдық көлікте валидатор істен шықса, жолаушы тегін жүреді. Бұған карта қолданатын жолаушылар қуанғанымен, жүргізушілер мен кондукторларға ұнамаған көрінеді. Ал "шындықты" жазып шыңғыратындар үшін әдемі тақырып табылды", - деп "өзімен-өзі болып отыр" әкімдік өкілі.