Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Жанар Байсеміз журналист Қымбат Досжанның жалған ақпарат таратқанын мәлімдеді

Smartnews.kz басылымының хабарлауынша, «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының авторы, журналист Жанар Байсеміз Оңтүстік Африка Республикасы асырап алған қазақ балаларының жағдайын айтқан Қымбат Досжанның сөзін жалған ақпарат деп атады.

Жанар Байсеміз журналист Қымбат Досжанның жалған ақпарат таратқанын мәлімдеді
Коллаж: smartnews

«Оңтүстік Африка Республикасындағы ҚР Елшілігінде консулдық есепте 31 қазақстандық жетім бала тіркелген. Бірақ, балалар кәмелеттік жасқа толып кеткендіктен консулдық есептен шығарылған. Олар енді ОАР азаматтары. Қазіргі уақытта консулдық есепте қазақстандық бір бала бар, оның жасы 16-да. Асырап алғанда жүрегінде ақау болған, емдеткен, қазір жағдайы жақсы. Қалған балалар да дін-аман.  Өлмеген, ТІРІ! Органға кетпеген! ОАР-ның түрлі қаласында тұрып жатыр. Оларды ақ нәсілділер асырап алған, көпшілігі еврей. Тұрмыстары жақсы, арасында дипломаттар да бар. Қазақстандық жетім балаларды асырап алғандардың ішінде қытайлар да бар. Оңтүстік Африка Республикасындағы 31 баланың құжаты 2014-ші Египеттегі ҚР Елшілігінен ОАР берілген. Өйткені бұл уақытқа дейін ОАР-да Қазақстан өкілдігі болмаған. Осы 31 баланың үшеуі Кенияда. ОАР-дағы ҚР Елшілігіне 14 мемлекет қарайды, бірақ Кения жоқ. Кениядағы қазақстандық үш баланы Дания, Нидерланды елдерінің азаматтары асырап алған. Олар да дін аман. Найроби қаласында тұрады. Жалпы, Оңтүстік Африка Республикасы — Африкадағы ең дамыған ел (интернеттен оқып алыңыздар). ОАР-дағы отыз шақты баланың 11 қазақ», — деп жазды журналист.

Сондай-ақ ол журналистер жалған ақпарат бермей, нақты мәлімет беру керегін айтты.

«БАҚ өкілдері ойына келгенді айта бермеу керек. Дәлел, фактпен сөйлеу керек.  ОАР қазақстандық жетім балаларға қатысты тараған жалған ақпарат ел ішінде дүрбелең туғызып жатқан соң, өз парақшам арқылы осы мәліметтерді жариялап отырмын.  Еліміздің Сыртқы істер министрлігі, оның ішінде елшіліктер, дипломаттар өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқарып жатыр», — деп жазды Жанар Байсеміз.