Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Арына қарсы жүзе алмайтын адам

Жүрегінде иманы бар адамдар жақсы түсінеді, нағыз жігіт үшін өз арына қарсы жүзгеннен де  қасіретті, одан да өткен ауыр сынақ болмайды. Мұндай сынаққа екінің бірі шыдас бермейді. Жігіттің жігіті ғана өз арына қарсы жүзбейді, қарағайға қарсы біткен иір бұтақ секілді сынса, шарт етіп сынып түсетін шығар, бірақ, ол сол бір сын сағатта небір ықпалды адамдардың сөзін емес, өзінің жүрегінің дегенін ғана тыңдайды.

Арына қарсы жүзе алмайтын адам
фото: дереккөз

Кейде бір принципті мәселелерге қалай араласып кеткеніңді білмей қаласың. Даукестігіңнен емес. Жүрегіңдегі Әділдік деп аталатын шырақтың күйелеш-күйелеш болған шынысын жылтыратып сүртіп қойғың келгендіктен араласасың. Алайда, сенің Әділдігіңнің шынысы тап-таза болып, жылтырап тұрғаны көп пендеге ұнамайды. Ал содан проблема басталады. Жо-жоқ, сізді өздерінен өздері бұттарына толып жүретін жарты патшалардың бірде-біреуі "сындыра" алмайды. Сындыра алмаған соң сенің сөзін жерге тастай алмайтын қимас адамдарыңды тауып алып, араға соны салады. Бұл енді адамды өз арына қарсы жүздіру әдісі болып табылады. Бұл әдістен аман шығатын ер сирек.

Өзім білетін жігіттердің ішінде мықтылар көп, бірақ солардың бәрі бірдей өз арына өзі қарсы жүзбейді десем, ол шындыққа қиянат болар еді. Осы жолдарды жазып отырған өзіміз де екі күннің бірінде пендешіліктің тұзағына түсіп қалып отырамыз. Құдайдан жасырмағанды адамнан қайтіп жасырарсың?! Бірақ, мына өмірдің кереметі сонда, өз арына өзі қарсы жүзбейтін азаматтар арамызда аз да болса бар. Сондай жандардың бірі...

Түнеукүні, дәлірегі 28 қаңтарда abai.kz сайтынан танымал журналист Тоқтар Жақаштың "Қызылордадағы "әкімдер ісі" тапсырыс па?" деген мақаласын оқып, терең ойға түсіп кеткен жайымыз бар. Тоқтардың мақаласының негізгі кейіпкері Қызылорда облысының экс әкімінің ісіне байланысты шатылған Мұрат Имандосов - біз танитын, танығанда да ерекше сыйлайтын жандардың бірі еді. Азамат қай жерден шатасты, қай тұстан адасты екен?! Шатасатын, адасатын жігітке мүлдем ұқсамайтын. Арына қарсы жүзбейтін екі адам болса, соның бірі, жалғыз адам болса, сол жалғыз – осы Мұрат екендігіне сенімім кәміл. Оның өз принципіне қатып қалатындығына, жүрсе адалдығына жүретініне, айтса сөздің әділін айтатындығына бір емес, бірнеше рет куә болғанымыз бар.

...2018 жылы Елбасы Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, орталығы – Түркістан қаласы болып бекітілгені, Шымкент қаласының өз алдына дербес мәртебе алғандығы баршаға белгілі. Осы оқиғаның әсіресе біздің есімізден шықпайтын бір жағдайы бар.

Есімізден шықпайтыны, сол кездегі газет нөміріне құрылтайшылар тарапынан берілген тапсырма айналып келіп біздің басымызға таяқ болып тиіп еді. Оның бәрін тәптіштеп айтып жатудың бүгін қажеті жоқ шығар. Ақырында іс насырға шауып, біздің қызметтік мәселеміз қаралатын болған. Орын алған оқиғамен әкімшілік қызметкерлері түгел құлақтанып болды. Бәрі ақ болғысы келеді, бәрі күнәдан пәк болғысы келеді. Ол жердегі ең қорғансыз адам – бас редактор ғана. Бүкіл кінә біткен бас редакторға ысырылып жатыр.

Сол қым-қуыт, қапылысқа толы күннің бір сәтінде ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Мұрат Имандосов телефон шалып, кабинетіне кіріп кетуім керек екендігін айтты. Бұрын атын естігенім болмаса амандасқан, сөйлескен адамым емес. Бұл да сол түсінік жазып беруімді сұрайтын шығар деп жазған түсінігімді өзіммен ала кірдім. Аз-кем амандық-саулықтан соң Мұрат Имандосов "оқиғаны егжей-тегжейлі айтып түсіндіріңізші" деді. Не болды, соны түгел айтып бердім. "Оқиға дәл осылай болса, сіздің ешқандай да кінәңіз жоқ. Қай жерде де, кімнің алдында да тек шындығын айтып тұра беріңіз. Адамды еш уақытта өтірік құтқармайды, адамды шындық құтқарады. Шындықты айтсаңыз басында қиындық көруіңіз мүмкін, бірақ, аяғы бәрібір жақсы бітеді. Ал, өтірік айтсаңыз, сол сәтте ситуациядан шығуыңыз мүмкін. Бірақ, сосын өмір бойы өз арыңыз өзіңізді азапқа салып өтетін болады. Шындығыңызда қалыңыз!" деді.

Кейін расында да сол кезде өте күрделі болып көрінген сол жағдай біздің пайдамызға шешілді. Бірақ, оған дейін өзіміз де аз азаптанған жоқпыз.

Мұрат Имандосовтың басына іс түскенде "жалған куәлік беріп, бостандықта жүргенше, ақиқатын айтып қапаста қалғаным артық" деуі – нағыз ердің сөзі! Бұл – өз арына өзі қарсы жүзе алмайтын адамның сөзі! Бұл – мен таныған Мұраттың сөзі!

2019 жылы Арыс қаласында жарылыс орын алып, Оңтүстік жұртының қабағына кірбің ұялағаны ешқайсысымыздың есімізден шықпаған шығар. Мұрат Имандосов ол кезде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметінде болатын. Арыс қаласын қалпына келтіру жөніндегі Қызылорда облысының штабын Мұрат бауырымыз басқарып еді. Жаздың екі айын біз де Арыста өткергенбіз. Аядай Арыста жиі-жиі ұшырасып қалып жүрдік. Аз-кем тілдесіп қаламыз. Сондағы Мұраттың күнге тотыққан өңі, "елдің алдында уәдемізде тұра алмай, ұялып қалмайық" дейтін ішкі толқынысы, бәрі-бәрі көз алдымда. Сол уайым, сол алаң көңіл Мұрат Имандосовты шынында да абырой биігіне шығарды. Қызылорда облысы Арыстағы құрылыс жұмыстарын республикада бірінші болып аяқтап шықты. Сол жұмыстардың бәрінің басы-қасында Мұрат Имандосов жүрді. Арыстықтардан естігені тек алғыс болды.

Осындай алғыс арқалаған азаматтың, осындай туралығына жүретін жігіттің басының сотқа шатылғаны, жақсы атына дақ түскені жүрегімізді ауыртқаны рас. Әйтпесе осы жігіт екі-ақ жағдайда көрісіп, тілдескен жан ғой. Бірақ жүрекке қалдырып кеткен әсерін айтсаңызшы! Азамат жоғары инстанцияларға арызданып жатқан көрінеді. Кісінің кісілігі, адамның адамдығы, маманның іскерлігі, бәрі-бәрі талқы таразысына салынады ғой деп ойлаймыз. Себебі ол қандай жаза арқаласа да өз арына өзі қарсы жүзбейтін адам. Біз білген Мұрат осындай.

Абай БАЛАЖАН,
"Оңтүстік Қазақстан" газетінің директор-бас редакторы