Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

"Балықшы кемпір": Торғайда қысы-жазы балық аулайтын кейуана бар (ВИДЕО)

"Жазда да, көктемде де, қыста да балық аулаймын. Бұл - менің спортым. Видеоға түсіретін адам бүгін кезігіп қалып тұр ғой, әйтпесе, неше жылдан бері балық аулаймын", - дейді ол.

"Балықшы кемпір": Торғайда қысы-жазы балық аулайтын кейуана бар (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Қостанай облысының Амангелді аудандық "Амангелді арайы" газетінің редакциясы Facebook-тегі парақшасына жергілікті журналист Гүлбаршын Смайылованың балықшы әже туралы жазбасын жариялады, деп жазды paryz.kz.

"Кешеден бері WhatsApp-та қыдырып жүрген мына видеодағы балық аулап отырған кісі менен 12 жас үлкен туған апам - Орынкүл Жұмаділдәқызы. Үрпекте, Торғай өзенінің жағасында тұрады. Ешқашан жатып демалғанын көрмейсіз. Жездем Жаңбырбай Тәшкеев - Иманов, Қайнар, Шөптікөл атты үш совхоздың бас есепшісі болып қызмет етті. Олар ауқатты тұрды, бірақ апам ысырапшылдықты ұнатпай, алдына келген асты үлгертіп отыратын", - деп басталған әріптесіміздің жазбасы.

Айтуынша, оның әпкесі жастайынан он саусағынан өнер тамған шебер, бармағынан бал тамған аспаз екен. Кеңес үкіметі кезінде-ақ ауылда торттың түр-түрін пісіріп, жазғы-қысқы, жұқа-қалың киімдердің бәрін үйде өз қолымен тіккен. Әлі күнге дейін "аттан түспеген" әжейдің дастарқанынан осы күні де ұлттық тағамның барлық түрі үзілмейтін көрінеді. Ал әлгі жас кезі қазіргі заманда болса, аталған кондитерлік һәм тігіншілік өнері трендтен түспей, әлеуметтік желілердің "жұлдызы" болатын түрі бар. Сондықтан да журналист сіңлісі оны "заманынан ерте туған" деп бағалап отыр.

"Ол балық аулаймын десе, ұлы да, жездем де қарсы болмайды. Өйткені күш-қуаты мол адам, жатса ауырып қалуы мүмкін. Мына видеода ол кісі шабақ аулап отыр. Жұрт "Шабақты не істейді?" деп сұрап жатыр, шортан аулауда жем ретінде пайдаланады. Ар жағында шортан аулау үшін жұтпа салып қойған. Сол жұтпаның басына жаншиды шабақты", - дейді Гүлбаршын Смайылова.

Әжей әлі де тың болғанмен, публиканы онша ұната қоймайды екен. Сол себепті, мына балық аулап отырған сәтін видеоға түсірген адамға да аздап ренжіп қалыпты. Өзінің WhatsApp-та тарап кеткеніне таңқалған.

"Қазір танымал болуың да оңай, масқара болу да тез. Жақсы "жақсы" деп түсінер, жаман "жаман" дер, кім қалай түсінсе, солай түсінсін... Жарар, онда тұрған не бар? Жазда да, көктемде де, қыста да балық аулаймын. Бұл - менің спортым. Видеоға түсіретін адам бүгін кезігіп қалып тұр ғой, әйтпесе, неше жылдан бері балық аулаймын. "Балықшы кемпір" деген атым бар. Балықшы екенімді бүкіл Иманов біледі. Өтірік емес қой, ол да менің бір өнерім", - дейді Орынкүл Жұмаділдәқызының өзі.

Сіңлісі Гүлбаршын Смайылова да "кемпірдің балық аулағанын біреулер ерсі көруі мүмкін, бірақ таза ауада бір сәт осылай жүрген де пайдалы" екенін айтуда. Өзі сондай ер мінезді, еңбектен қол үзбеген апасының барына мақтанады. Тіпті, балықшы әпкесі туыстарына қазіргі трендте жүрген заманауи өнімдерді WhatsApp желісі арқылы жарнамалап та қояды екен.

"Дастархандарынан өмірі ақ үзілмейді. Дастархан мәзіріне айрықша мән береді. Жұмсақ нандарды, пирожкилерді майға қуырмай, духовкаға пісіреді. Дұрыс тамақтану да асыл сүйегінің берік болуына көмектесетін шығар, бәлкім. Өйткені апам балық аулағанда мұзды бурмен өзі ояды. Көктемде жерді өзі қазады. Әлі күнге дейін қажырлы", - дейді Гүлбаршын Смайылова.

Осы орайда, ол көбіне редакция жұмысымен жүріп, замандастары мен әріптестері туралы мақала жазуға отыратын уақыт таппайтынын жеткізді. Мысалы осы балық болмаса, бұл жазбасының да жазылар-жазылмасы екіталай екен. Ал жазылуына балық туралы видео түрткі болған естеліктің толық нұсқасы - төменде.