Ақпаратты тексеруге ауылға барған полицейлер оқиғаны растап, қыз зорлау фактісімен іс қозғады.
Қарағанды облысында кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен ауыл имамы қамауға алынды. Тергеу мәліметінше, ол мектеп оқушысымен жыныстық қатынасқа түскен. Алайда мешіттегілер 40 жастағы күдіктінің мүфтиятқа қатысы жоғын айтады, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Айтуға ауыз бармайтын жағдай облыс орталығынан шалғайдағы ауылда болыпты. Алғашқы қауесет ауыл тұрғындарының әңімесінен тараған. Тіпті мектеп оқушысы имамнан жүкті болып, жасанды түсік те жасағаны туралы сөз желдей ескен. Осыдан кейін ақпаратты тексеруге ауылға барған полицейлер оқиғаны растап, қыз зорлау фактісімен іс қозғады. Қаршадай қызға жыныстық қылмыс жасалғаны туралы ата-анасы да жақ ашпаған. Ал мүфтияттың айтуынша, күдіктінің діни білімі болғанымен, имамдық сертификат алмапты. Дегенмен ауылдағылар оны діни жоралғыларды өткізуге шақырып, ауыл молдасына айналдырып алған.
"Аталған хабарламаға сәйкес, ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері аталмыш іске қатысы бар деген күдікпен 40 жастағы облыс тұрғынын ұстады. Оған қатысты сотпен қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды", - деді Қарағанды облыстық ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.