Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

«Естігенде жүре алмай қалдым»: 25 жыл бұрын америкалықтар асырап алған қазақ қызы туған анасын іздеп тапты

25 жыл бұрын америкалықтар асырап алған қазақ қызы туған анасымен қауышты, деп хабарлады Paryz.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап. 

«Естігенде жүре алмай қалдым»: 25 жыл бұрын америкалықтар асырап алған қазақ қызы туған анасын іздеп тапты
Фото: видеодан скриншот

Бұл туралы Jibek Joly телеарнасындағы «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасында айтылған. 

Гүлмира Сейдж Смағұлова 1997 жылы Астанада дүниеге келген.

Мен шала туған бала екенмін. 9 ай бойы ауруханада жатыппын. Сосын балалар үйіне ауыстырылыппын. Шамамен 3 жасымда мені асырап алды. Асырап алған адамдардың хикасы қызық. Асырап алған анам түс көріпті. Онда 3 жасар қыз өзінің балаларымен ойнап жүр. Сөйтіп мені Қазақстаннан тауып алыпты. Тура түсіндегі қызды тапқан. Таңғажайып оқиға. Мен – 5 баланың кенжесімін. Өзімнен үлкен аға-әпкелеріммен жақсы қарым-қатынастамыз. Оларды қатты жақсы көремін, - дейді қыз. 

Оның сүйікті кітабы – «Кішкентай ханзада».

«Мен өзімді іздедім. Әр қырымды, әр бөлігімді іздедім. Бала кезімнен өз бетіммен шыққан жерімді, тарихымды білуге тырыстым. Өзімді қазақпын деп айтуға хақымның бар-жоғын білмеймін. Бірақ әрқашан қазақ екенімді мақтанышпен айтамын», - дейді ол.

Оның айтуынша, алғаш рет қазақтармен кездескенде керемет сезімде болған.

Туған әке-шешеме ашу-ыза жоқ. Олардың кім екенін білмеймін. Жүрегімде құрмет пен алғыс қана бар. Асырап алған ата-анам туған анамның жеңіл жүрісті болғанын, мені туғаннан кейін қайтыс болғанын айтты. Олар менен бірнәрсені жасырғанын сездім. Осыдан кейін біздің қарым-қатынасымыз суып кеткендей болды. Маған өтірік айтып, алдағандай сезіндім. Осыдан кейін өзім туралы көп нәрсе білдім. Туған анам туралы да өтірік болып шықты, - дейді ол.

Гүлмира Смағұлованың туған анасы Роза Смағұлова 25 жыл бұрын өлдіге саналған қызын алғаш көргенде қандай сезімде болғанын айтты. 

Естіген кезде қатты стресс болды, жүре алмай қалдым. Менің қызым ба деп құшақтап сүйдім. 25 жыл басылып қалған сезім ғой, - дейді ана.

Анасының айтуынша, Гүлмираның есімін о баста Айым деп қойғысы келген. Ол қызын көрмеген, бауырына басып үлгермеген. Баланы туғаннан кейін ол жансақтау бөліміне түскен, ал 3 күннен кейін қызы шетінеп кетті деген хабар алған.