Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

“Назарбаевтың деңгейін немересімен жасты қызға ғашықтығы туралы жазғанынан бағалауға болады” - Ермұрат Бапи

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабына қатысты ойын бөлісті. 

“Назарбаевтың деңгейін немересімен жасты қызға ғашықтығы туралы жазғанынан бағалауға болады” - Ермұрат Бапи

Оның айтуынша, өзінің немересімен жасты қыз Әсел Исабаеваға деген ғашықтық сезімін мемуар етіп жазатындай дүние емес еді.

- Назарбаевтың өзі қалыптастырған жүйедегі кәніраты шашетектен, жаңағы әйелге (Әсел Исабаева) ғана байланыстырып қойған аздық етеді. Мен оның жеке басына байланысты әлдекімге ғашық болды деген тұрғыда сөйлеуге құлқым жоқ. Бірақ өзінің немересімен жасты қызға ғашықтық сезімін мемуарға кіргізіп жазатындай дүние емес еді. Ол енді мемуар иесінің ырқындағы дүние, дегенмен сол арқылы сол автордың парқын, деңгейін бағалауға болады деп ойлаймын, - деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар, Ермұрат Бапи Назарбаевтың кітапқа “Путин сөзінде тұратын адам” деп жазғанының астарында қандай мән жатқанын айтты. 

- 20 жыл көлемінде көріп жүрген Путин ғой. Путин ешқашан уәдесінде тұрған адам емес. Оның риторикасындағы сөз күн сайын өзгеріп отырады. Біз Путинді білеміз. Назарбаев оның Қазақстан қоғамының алдындағы рөлін көрсетем деп майлап-сипап, бояп қойғанынан түк шықпайды. Бұл жерде Назарбаев қызметтен кеткен кезде Ресей президенті тарапынан әлдебір гарантиялар болуы әбден мүмкін. Ресей - біздің алып көрші ел. Бәріміз бір шинелден, яғни Кеңес Одағынан шыққанбыз. Оның үстіне, Путиннің агрессиялық пиғылдағы адам екенін де біліп отырмыз. Сондықтан Путиннің алдынан өтуі әбден мүмкін. Ал арасында қандай келісім болды, оның қалған ғұмырына қандай кепілдік берді, о жағын дөп басып айта алмаймын. Бірақ әлдебір келісімнің болғаны нақты, - деді Мәжіліс депутаты.