Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы байқау жеңімпаздары марапатталды

Қала әкімдігінде «Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне» орай арнайы іс-шара өтті, деп хабарлайды Paryz.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы байқау жеңімпаздары марапатталды

Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин, қалалық басқарма басшылары, сонымен қатар, белгілі актер Берік Айтжанов, режиссер Медет Аманбаев қатысты. 

Қала әкімінің бірінші орынбасары басқосудың маңызын айта келе сыбайлас жемқорлықпен күрес әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті. Қалада басқармалар тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. 


Дәурен Ерғарин сыбайлас жемқорлықпен күресте құқықбұзушылықты болдырмау маңызды екенін мәлімдеп, 2023 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Қазіргі уақытта біздің жұмысымыздың басым бағыты – сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, алдын алу. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар салалар белгілі. Осы орайда жұмысты күшейтіп, цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Құқықбұзушылықпен күреске қоғамдық ұйымдар, азаматтар да өз үлесін қосып жатыр, –деді Дәурен Тілекұлы. 

  
Іс-шараға арнайы келген белгілі актер Берік Айтжанов пен режиссер Медет Аманбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер қатарына қосылғанын, осы ретте көпшілікті осы бастамаға қатысуға шақырды.

Биыл қыркүйек және қазан айларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында қала тұрғындары мен жастар арасында байқау өткен-ді. Іс-шарада сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы «Үздік сурет», «Парасатты отбасы», «Үздік мақала», «Үздік бейнеролик» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға қала әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.