Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

«Қызылшаға қарсы екпе тұрақты қорғаныс тудырады»

Қызылша – өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Шымкент қаласы санитариялық-карантиндік бақылау бекетінің бас маманы Ш.Оспанованың айтуынша бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен байланысқа түссе, ауырып қалу мүмкіндігі өте жоғары, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Қызылшаға қарсы екпе тұрақты қорғаныс тудырады»

Маманның айтуынша, 1963 жылы қызылшаға қарсы вакцина егуге және вакцина егу кеңінен тарағанға дейін дерттің ірі эпидемиясы 2-3 жылда қайталанып, жылына 2,6 миллионға дейін өлім жағдайлары тіркелген.

– Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде түкірікпен, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді. Вирустың тез тарайтыны соншалық, сыртқы ортаның тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлар да белгілі. Инфекция көзі – ауру адам. Ол айналадағыларға инкубациялық кезеңнің 2-күні, бөртпелер шыққаннан кейінгі 4-күнге дейін қауіпті. Ал 5-күнгі бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды деп саналады. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында аналық антиденелер сақталады. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және кез-келген жаста ауырып қалуы мүмкін, – дейді маман.

Маман ауру бөртпе шығудан емес, ол суық тию белгілерімен басталатынын алға тартады. Мұндайда дене қызуын 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі байқалады. Кейініректе конъюктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), сонымен қатар, беттің шырышты қабығында (азу тістерінің қарсысында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді. Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40,5 градусқа қайта көтерілуі мүмкін. Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады.

– Аурудың ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит. Қызылшаның дамуын байқаған сәтте кешіктірмей дәрігерге қаралу керек. Бұл уақтылы диагноз қойып, ем тағайындау және ұйымдастырылған ұжымда тіркелген жағдайда алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін маңызды. Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады. Қызылшадан егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет жасайды. Ең алғашқы вакцинация балаларға 12 айлығында, екіншісін 6 жаста жасалады. Егу тұрақты қорғанысты тудырады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер науқаспен қатынаста болған қызылшаға қарсы егулері жоқтарға, эпидемиологиялық көрсеткіші бойынша 30 жасқа дейінгі адамдарға салынады, – дейді Шымкент қаласы санитариялық-карантиндік бақылау бекетінің бас маманы Ш.Оспанова.