Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Борышкерлер өздерін "теспей сорған" жеке сот орындаушыларына өкпелі

Сондықтан жеке сот орындаушылар жұмысының өзін құзырлы мекемелер майшаммен қарауы қажет.

Борышкерлер өздерін "теспей сорған" жеке сот орындаушыларына өкпелі
фото: ашық дереккөз

Жамбылда жеке сот орындаушылар мен нотариустердің өздері заңсыздыққа жол беруде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Әділет департаментінің басшысы Ермек Алтынбеков мәлімдеді, деп хабарлады paryz.kz, "Айқын" басылымына сілтеме жасап. 

Оның сөзіне сүйенсек, өңірде қазір 175 нотариус жұмыс істейді. Олар 336 071 нотариалдық құжат рәсімдеген. Облыс бюджетіне 116 миллион теңгеден астам салық төлеген.

Алайда  атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша нотариустердің жұмысында кемшіліктер анықталған. Нәтижесінде, 6 нотариус жауапқа тартылды.

Ал сот орындаушыларына келсек, аймақта 15 мемлекеттік және 100 жеке сот орындаушы бар. Оларға  былтыр 281 борышкердің ісі жолданып, 100 борышкерге айыппұл салынып, 155-сі әкімшілік қамауға алынған. Сондай-ақ 26-сына ескерту берілген.

Десе де жыл ішінде жеке сот орындаушылар борышкерлердің берешегін өндіріп қана қоймай, өздері де заңсыз әрекеттерге жол берген. Мәселен, облыстағы 100 жеке сот орындаушының 64-і тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бұл – аймақтағы жеке сот орындаушылардың тең жартысы жұмысына салғырт қарады деген сөз.

Жалпы, сот орындаушыларына бұқараның өкпесі қара қазандай. Себебі, аталған сала мамандары борышкерлерге ескертпестен есепшоттарын бұғаттап, зар жылатқанын сан мәрте естігенбіз. Тіпті кейбірін кеңсесінен таба алмай, табан тоздырғандар да аз емес. Сондықтан жеке сот орындаушылар жұмысының өзін құзырлы мекемелер майшаммен қарауы қажет.

Департамент басшысы Ермек Алтынбеков тоқсан сайын олардың жұмысы қадағаланатынын, заңсыздық анықталса, ісі өңірлік палатада қаралып, нақты шара қолданылатынын айтты. Әйтеуір, айтылған уәде сол жерде қалмаса болғаны.