Үш деңгейлі жолайырық құрылысы аяқталуға жақын

Бүгінде Шымкент қаласында жол инфрақұрылымы мен көлік саласын дамытуға баса көңіл бөлінген. Статистикалық деректерге сүйенсек, Шымкент автокөлік санының көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі болып отыр, деп хабарлайды Paryz.kz.

Үш деңгейлі жолайырық құрылысы аяқталуға жақын

Осыған байланысты соңғы жылдары қалада жол құрылысын бұрын соңды болмаған қарқынмен дамытуға ерекше назар аударылған.

Айта кетейік, шаһар аумағындағы жолдардың жалпы ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Жыл соңына дейін жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2 пайызға жеткізу мақсатында бірқатар жұмыстарды атқару жоспарланған. Ағымдағы жылы 245 көшеге  орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген болатын. Бүгінгі таңда 241 көшеде тиісті жұмыстар атқарылды. 

Сонымен қатар, орталық жол жамылғысы тозған магистралды 31,1 шақырымды құрайтын 15 көше орташа жөндеуден өтуде.  Олар: Ш. Уалиханов, Ю. Гагарин, М. Дулати, Д. Қонаев, Тәуке хан, Қазыбек би, Желтоқсан, А. Назарбеков, Ж. Аймауытов, Қабанбай батыр, Анаров, І. Жансүгіров, Абай, Алпысбаев, Орынбаев көшелері.

Жалпы 16 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілді. Тарқатып айтар болсақ,  Д. Қонаев даңғылындағы құрылыстық 2,3,5,6 кезеңдері, Бәйдібек би – Арғынбеков көшелері қиылысындағы жолайрық құрылысының 1,2 кезеңдері, Өтегенов көшесі құрылысының 1,2 кезеңдер, Алаш және Бекжан базарлары аймағындағы 3 жерасты өткелдерінің құрылысы, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылысы, Бәйдібек би даңғылынан кірме жол құрылысы, Қызылсай елді мекеніне кірме жол құрылысы жүргізілді.

Бұдан бөлек 6 нысанда қайта құру жұмыстары атқарылды. А-2 автожолын реконструкциялау жұмыстары құрылысының 2,4,6,7,8, кезеңдері аяқталып, Адырбеков көшесі реконструкциаланды. Ал, интернациональная көшесіндегі көпір күрделі жөндеуден өткізілді.

Қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымды құрайтын Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Сонымен бірге, Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды іске асырылуда. Сала мамандары қазіргі таңда бұл жұмыстардың 96 пайызының орындалғанын айтады. Ағымдағы жыл соңына дейін жолайрық құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Шымсити шағын ауданынан Төлеметов көшесіне дейінгі аралықта ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын жолға құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған құрылыс нысанында жоспарланған жұмыстардың 85 пайызы толық орындалды.

 

Н. Назарбекова