Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Шымкентте қызылшаға қарсы иммундау қалай жүріп жатыр?

Шымкенттегі медициналық және мектепке дейінгі ұйымдарда қызылшаға қарсы екпе жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкентте қызылшаға қарсы иммундау қалай жүріп жатыр?
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Елімізде қызылша вирустық инфекциясының өршуіне байланысты денсаулық сақтау саласының мамандары дабыл қағып отыр. Республиканың барлық аумағында вирусқа қарсы қосымша иммундау жұмысы қолға алынған.

– Қалада қызылша инфекциясының таралуына байланысты эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болып тұр. Жыл басынан бері қызылшаның алғашқы диагнозы бойынша 6465 жағдай тіркеліп, оның ішінде 3021 адамның диагнозы зертханалық талдаулар негізінде расталды. Жұқпалы дертке шалдыққандардың 80-85 пайызы 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Оның басым көпшілігін 6 жасқа дейінгі балалар құрады.

Қызылша – адамдарға тез жұғатын жұқпалы аурудың бірі. Ертеректе вакциналар қолжетімді болғанға дейін қызылшаның таралуын тежеу мүмкін болмаған. Керісінше, бұрын ауырмаған адамдарға да жұғып, салдарынан науқастардың көпшілігі соқырлық, ларингит (көмейдің қабынуы), круп (көмейдің стенозы), отит (құлақтың қабынуы), кереңдік, пневмония (өкпенің қабынуы), қызылша энцефалиті (мидың қабынуы) сияқты және т.б. ауыр асқынуларға душар болған. Сондықтан қызылшаға қарсы екпе осындай асқынулдардың алдын алып, вирустық кезеңді жеңіл өткізуге мүмкіндік береді, – дейді Шымкент қаласының СЭБД басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Қызылшаға қарсы иммундау — инфекцияның таралуын тоқтатудың жалғыз жолы. Денсаулық сақтау саласының мамандары жаппай вакцина алудың маңыздылығын айтып, ата-аналарды балаларына екпе салдыруға шақырып отыр. Екпе үшін қаладағы медициналық және мектепке дейінгі ұйымдарда 187 егу бекеті ұйымдастырылған. Қаладағы мемлекеттік емханалардағы егу бекеттері күнделікті таңғы сағат 08:00-ден мен 20:00 аралығында үзіліссіз және демалыссыз жұмыс істейді.

– Қосымша иммундау жұмысын жүргізу мақсатында Шымкентке 34 050 доза вакцина әкелінді. Жыл басынан бері жұқпалы дертке шалдыққандардың 2565-і балалар екені анықталып отыр. Қазіргі таңда диагнозы анықталмаған 1147 пациенттің талдау нәтижелері нақтылануда. Қызылшаға қарсы иммундау мен ревакцинация 2-5 жас аралығында балаларға және медицина саласының қызметкерлеріне жүргізіледі. Сонымен қатар, профилактикалық егуді өткізіп алған 18 жасқа жасөспірімдер өзі тіркелген жергілікті емханаларға жүгініп, екпе ала алады. Ал, 6 айдан 11 айға дейінгі бөбектер қызылшаға қарсы жоспарлы екпені салдыруы қажет, – дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Инна Глазебная.

Шымкентте қызылша ауруы таралуының алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары түзіліп, арнайы штаб құрылған. Бүгінге дейін штабтың 9 отырысы өтіп, қаладағы ахуалға байланысты жұқпалы аурулар ауруханасының төсек қоры 120-дан 260 төсекке дейін ұлғайтылып отыр. Қажет болған жағдайда, гипербариялық оттегімен қанықтыру орталығының базасында карантиндік емес инфекциялармен ауыратын науқастарды қабылдау үшін 60 төсек қосу мәселесі қосымша пысықталды.

Айта кетейік, қызылша анықталған науқастардың арасында балалардың 88,8 пайызы екпе алмағаны анықталып отыр. Оның 43 пайызы вакцинациядан бас тартса, 10,2 пайызы медициналық шегерімге байланысты алмаған. Ал, 14,9 пайызы – жоспарлы екпе алу жасына жетпегендер.