Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Шымкентте базар маңындағы жер асты өткелдері қолданысқа берілді

Қаладағы «Алаш», «Бекжан» базарлары көлік ағыны жоғары, халық көп шоғырланатын аумақ болып саналады, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкентте базар маңындағы жер асты өткелдері қолданысқа берілді
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Сондықтан, биыл сауда орындары маңына А-2 автомобиль жолы мен Темірлан тас жолы бойында 3 жер асты өткелінің құрылысы қолға алынған болатын.

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Алаш» базары маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдерінде болып, жаңа нысандардың сапасын тексерді. Құрылысы жарты жылда жүргізілген жер асты өткелдері бүгін қолданысқа берілді. Енді осы аумақтағы жаяу жүргіншілердің қатынауы жеңілдеп, көлік кептелісі азаятын болады.

Темірлан тас жолы арқылы өтетін жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің ұзындығы 42,5 метр, ені 6,1 метр, биіктігі – 2,65 метр. Жобаға сәйкес, А-2 автомобиль жолындағы өткел ұзындығы — 36,5 метр, ені 6,8 метр, биіктігі 2,6 метрді құрайды.

Қала басшысы аудан әкіміне жаңа нысандарды күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Ал тиісті басқарма  басшысына жүріп-тұруы қиын тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, қазір «Бекжан» базары маңында А-2 автомобиль жолы арқылы өтетін жер асты өткелінің құрылыс-монтаж жұмыстары да аяқталуға жақын. Өндірістік кестеге сәйкес нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.