Аталған акция аясында Шымкентте «Қыз тағдыры – ел тағдыры» тақырыбында жастармен арнайы кездесу өтті. Отбасындағы ынтымақты сақтауға бағытталған іс-шарада мамандар студенттерге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, отбасында осыедай келеңсіз жағдай орын алғанда жасалуы тиіс іс-әрекетке бағыт берді.⠀
- Абай ауданында зорлық-зомбылық мәселесі бойынша орта есеппен күніне 6-7 шақырту түседі. Осындай жағдай туындағанда учаскелік инспекторлар, ювиналды полиция қызметкерлері және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары дер кезінде көмек көрсетеді. Жыл басынан бері ауданда 165 әйелден арыз түсіп, әкімшілік соттың шешімімен жәбір көрсетушілер жазаға тартылды, – деді Шымкент қалалық полиция департаменті Абай аудандық басқармасының жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Гүлвира Бектемісова.⠀
Іс-шара барасында жергілікті полиция қызметкерлері үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Оған мемлекеттік орган өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдар да атсалысып, профилактикалық жұмыс барысында үй жағдайында орын алған оқиғаларға байланысты жәбірленушіге психологиялық көмек беріледі.⠀
- Жиынға қаламыздағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 600-ге жуық студент қатысты. Қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылыққа қала жастары да қарсылығын білдіріп, белсенділік танытып отыр. Шымкент қалалық полиция департаментінің мамандарымен бірлесіп, мемлекеттік мекемелерде, оқу орындарында және тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмысын жүргізіп жатырмыз, – деді Жастар ресурстық орталығының психолог маманы Айгүл Қанатқызы. ⠀
Айта кетейік, бұл акция жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналған әйелдерге қолдау көрсететін «Ана үйі» және «Самғау» сенім орталығы жұмыс істейді. Оларға орталықта әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіліп, алты айға дейін тұрақтауына мүмкіндік беріледі.⠀