«Тассай» индустриалды аймағында 6 инвестициялы жоба жүзеге асады

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Тассай» индустриалды аймағында болып, өнеркәсіптік аймақта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Тассай» индустриалды аймағында 6 инвестициялы жоба жүзеге асады

 «Тассай» – Шымкенттегі қазір жұмыс істеп тұрған 5 өнеркәсіптік аймақтың бірі. 2016 жылы негізі қаланған индустриалды аймақтың аумағы 89 гектарды құрайды. Онда бүгінде 43 инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылып, кәсіпорындар жұмыс істеп тұр.

 «Тассай» индустриалды аймағының аумағын инженерлік-инфрақұрылым желілерімен қамту бойынша ІІ кезеңнің құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, су, электр, кәріз, газ жүйелері тартылып, жаңадан пайда болатын кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасалуда. Өндірістік кестеге сәйкес II кезеңдегі құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Қала басшысы индустриалды аймақта бірқатар кәсіпорындарды аралап, құрылыс барысын қадағалап, ондағы өзекті мәселелердің шешімін қарастырып өтті. Шаһар басшысы жауаптыларға инвесторлардың жер телімдерін тиімді пайдалануын қадағалауды тапсырды. Тиісті сала басшыларына жұмыс сапасына және құрылыс кезінде бұзылған жолдарды ретке келтіруге қатысты бірқатар тапсырма жүктеді.

Қала әкімі сондай-ақ, іске асқан бірнеше нысандарды аралап, зауыттардың жұмыс барысын көрді.

«Asia Trafo» – отандық «Alageum Electriс» электр машина жасау саласындағы жетекші өндіруші құрамына кіретін, Орталық Азиядағы кернеуі 110, 220, 500 кВ қуаты 500 МВА дейінгі трансформаторлық жабдықтар шығаратын ең ірі зауыт. 2019 жылы іске қосылған кәсіпорын 12 га аумақта орналасқан. Бүгінде 250 адамды жұмыспен қамтуда. 

Зауыт негізінен, автотрансформаторларды,  күштік май трансформаторларын,  сондай-ақ қуаты 500 МВА дейінгі кернеуі 110, 220, 500 кВ реакторларды шығарады. Жобалық қуаты жылына 120 дана жоғары кернеулі трансформаторлар өндіреді.

Зауыт өнімдеріне тек ішкі нарықта ғана емес, бүгінде шет елдерден де сұраныс бар. 

Ал, "Stroi Construction" ЖШС металл конструкцияларымен қатар, металл жарықтандыру тіректерін шығарумен айналысады. Биыл іске қосылған компания қазір жарықтандыру құрылғыларын еліміздің барлық аймағына жеткізуде.

Кәсіпорындардың жұмысымен танысқан қала басшысы жауаптыларға бизнес өкілдеріне жаңа желілерді қосуда, экспортты ұлғайтуда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қолдау көрсетуді тапсырды.

 Айта кетейік, жыл соңына дейін «Тассай» индустриалды аймағында 6 инвестициялы жоба жүзеге асып, жаңа кәсіпорындар іске қосылады. Бұл жобалар 150-ге жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

 

 Н. Назарбекова