Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Шымкент қаласы еліміздегі ірі туристік орталықтардың бірі

Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқарма­сы негізінен төрт бағытта жұмыс істейді. Оның біріншісі – туризмді дамыту. Екінші – маркетингті ілгерілетуі. Үшінші бағыт – сыртқы байланыстар. Және ең соңғысы – креативті индустрия. Бұл қызмет аталған басқармаға қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қосылды. Бүгінгі таңда, Шымкент қалалық мәслихаты басқарма атауын өзгерту бойынша шешім шығарған. Енді туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы болып аталады, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкент қаласы еліміздегі ірі туристік орталықтардың бірі
Шымкент фото: Vera.kz

Кейінгі жылдары  ел Үкіметі туризм саласын дамытуға негізделген мақсаттарды айқындап,  бәсекеге қабілетті елдердің  қатарына қосылу страгетиясы бойынша нақты қадамдармен жұмыс атқаруда. Ұлттық туризм секторы жоғары деңгейдегі жан-жақты дамыған инфрақұрылым арқылы аталмыш стратегияның орындалуына өз септігін тигізеді. Сондай-ақ,  мемлекет жүктеген тағы бір міндеттердің бірі – елімізді Орта Азия аймағындағы туристік орталыққа айналдыру. Осы тұрғыда жуырда «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Shymkent Tourism Forum» атты жергілікті туризмді дамыту форумы өтті.

Аталған форумда қатысушылар мен қонақтарды трансшекаралық туризмді дамытудың заманауи тәсілдерімен таныстыру және қаладағы туристік индустрияны дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар әзірлеу бойынша спикерлердің баяндамалары тыңдалды.  Шымкент қаласының әлеуеті мен тартымды жақтарын көрсету, сонымен қатар, қаланың имиджін нығайтуға, экономикалық өсуді қолдауға және ішкі туризмді дамыту процесіне қоғамның барлық индивидтерінің қатысуы үшін қолайлы атмосфераны құруға ықпал ету жолдары қарастырылып,  сала мамандары тәжірибе алмасты. «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаровтың айтуынша, туризмді ілгерілетуде форумның маңыздылығы жоғары.

Форум ел ішіндегі туристік қызметті талқылауға, жоспарлауға және жылжытуға бағытталған іс-шара болғандықтан, туризм саласында түрлі бағытта қызмет етіп жүрген мамандар спикер ретінде сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Келесі форум «Artisans of Shymkent»  қолөнершілер көрмесімен жалғасын тапты. Онда түрлі аймақтардың, ұлттар мен мәдениеттердің қолөнершілерінің басын қосып, өзара тәжірибе алмасуға, бұйымдарын көрсетуге, жаңа дағдыларды меңгеруге және қолөнер қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік зор. Мұндай іс-шаралар мәдени дәстүрлерді сақтап, қолөнер шеберлігін дамытуға және қолөнершілердің жаңа буындарын шабыттандыруға ықпал етеді. Форумда көрмемен қатар, панельдік сессияда сала мамандары өзінің іс-тәжірибесімен бөлісті.

Іс-шара қорытындысы бойынша, қатысушыларға форум аясында ұйымдастырылған байқау жеңімпаздары мен қатысушыларына сертификат пен алғыс хаттар табысталды.

Айта кетейік, статистикаға сүйенсек биыл сыртқы және ішкі туризм әлеуеті артқан. Көпшіліктің қызығушылығына ие болған шымшаһардың туристік имиджін қалыптастыру үшін бүгінде гастрономиялық бағытты  қарқынды ілгерілету, қаланың танымалдылығын және қала туралы ақпараттар ағынын көбейту шаралары қолға алынған.

Шымкентте туризмді дамыту мақса­тында қаладағы инфрақұрылымдарға мо­ниторингтік жұмыстар жүргізілді. Яғни, сырттан келген турист қандай жерлерге бара алатыны жайлы мәселеге көңіл бөлінуде.

Шымкент қаласы туристік әлеуеті жыл сайын артып келе жатқан мегаполистер қатарында. Сондай-ақ, шаһарда қала көркін көрсететін «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы,  «ShymTour» туристік-компаниялары  бар. Айтып өткен орталық пен компания Шымкент қаласының еліміздегі ірі туристік орталықтардың бірі ретінде қалыптасуына септігін тигізіп, кең мүмкіндіктерге жол ашуда.

 

 

Н. Назарбекова