Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Шымкентте шенеунік пен кәсіпкер сотталды

Сонымен бірге, сотталушылар мемлекетке келтірілген шығынды өтеуі тиіс...

Шымкентте шенеунік пен кәсіпкер сотталды
фото: adilet-gazeti.kz

Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты бүгін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы қызметін атқарған Жеңіс Байымбетовке, сондай-ақ "Инвестстройпроект ЛТД" ЖШС-нің басшысы Ақжол Айтбаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлады NUR.KZ.

Екеуі де ҚР ҚК-нің 189-бабы, 4-бөлімі ("Аса ірі көлемде ақша жымқыру") бойынша айыпталған. Одан бөлек, бұрынғы бас сәулетшіге ҚР ҚК-нің 218-бабы, 3-бөлімі ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру") бойынша да айып тағылған.

Іске судьялық етуші Мадияр Әбдірасіловтің айтуынша, сотталушылар 2019 жылы қылмыстық келісім жасасып, Шымкент қаласының аумағын топографиялық түсіруге бөлінген 498 миллион теңге бюджеттік қаражатты жымқырған. Қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру үшін Жеңіс Байымбетов жер учаскесін сатып алып, оны туған қарындасына рәсімдеген. Сонымен бірге, сол жерде коммерциялық жылжымайтын мүлік құрылысын ұйымдастырған. Сот екі айыпталушыны да кінәлі деп танып, экс-шенеунікті 10 жыл бас бостандығынан айырып, заңсыз алынған мүлікті (жер учаскесін) тәркілеу жазасын тағайындаған. ЖШС басшысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Сонымен бірге, сотталушылар мемлекетке келтірілген шығынды өтеуі тиіс. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.